Ауа райы
Нұр-Сұлтан 1 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 378.90
EUR 422.74
RUB 5.87
CNY 54.80

Әйелді мүйізіне іліп лақтырған: Алматы облысының полицейлері сиырды атып тастады

2019 жылдың 19 сәуір 2019 19:36 2297

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының тәртіп сақшылары ірі қара малды атып тастауға мәжбүр болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 18 сәуір күні Жамбыл ауданының Қайназар ауылында болған. Бордақыланған сиыр қашып кетіп, айналасындағы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген. Алдынан кездескен әйелді мүйізіне іліп алып, бойынан асыра лақтырып жіберген. Бұған полиция қызметкерлері куә болған.  

Тәртіп сақшылары зардап шегушіні жақын маңдағы медициналық пунктке жеткізіп, жануарды оқшаулау шараларын қабылдаған.

«Жануарды сою мақсатында семірткені анықталды. Сиырды союға әкелгенде, ол қашып кетіп, айналасындағы адамдарды қуалаған. Көшеде ауыл тұрғындары жүрген, арасында балалар да болды. Босап кеткен сиыр жолындағы екі көлікті бүлдіріп, шығын келтірген. Полицейлер жануарды адам арасынан аулақ алып шығудың амалын тауып, мал иесінің рұқсатымен оны атып тастады», - деп мәлімдеді Алматы облыстық  Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Зардап шеккен әйел адам жеңіл дене жарақатын алып, ауруханадан шықты. Тәртіп сақшылары мал иесінен оқиғаға қатысты түсініктеме алып, бұдан әрі мал союдың арнайы орындарын пайдалану қажеттігі туралы ескертті.

«Оқиға орнына келген аудандық мал дәрігерлері жануарды құтыру ауруына тексеріп, қандай да бір аурудың белгілерін таппады»,- деп атап өтті ведомство өкілдері.

 

 

Жоғары қарай