Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Айдос Сарым: Банктерге несие саясатын қайта қарау керек

2019 жылдың 27 маусым 2019 18:37

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандықтардың борыш жүктемесін азайтуға байланысты банктерге несие саясатын қайта қарау қажет. Саясаттаншуы Айдос Сарым осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл дұрыс әрі заңды қадам. Былтырдан бері Үкімет әлеуметтік бетбұрыстар жасап келеді. Соның заңды жалғасы десе де болады. Бұл жерде бірнеше елеулі дүниені ескеру керек. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы екі девальвациядан кейін халықтың әжептәуір кедейленгенін айтқан болатын. Бұл жағдайда әсіресе борышы барлар болашаққа қам жасау мүмкіндігінен айырылды», - дейді Айдос Сарым.

Саясаттанушының айтуынша, елдің азғантай табысы мен алатын әлеуметтік көмегі несие жабудан аспай тұр.

«Мен Алматыдағы «Бақытты отбасы» қорының басшыларының бірімін. Шотына түскен азғантай қаражаты банкке кетіп жатқанын айтатындар өте көп. Тұрақты табысы мен жұмысы барларға қарағанда әлеуметтік әлжуаз топтар үшін несие деген қайтаруы мүмкін емес борышқа айналды. Оның сыртында түрлі пайыздық комиссиялары бар. Несиелердің түрлі кезеңдерде, түрлі себептермен алынғаны айтпаса да түсінікті. «Елдікіндей телефоным болса» деген тұтынушылық ниетпен алатындар да бар. Сол тұтынушылық ниет кейін аяққа оралғы болған жайттар да бар», - дейді ол.

Айдос Сарым Үкіметтің бұл шешімін халықпен жасалған «әлеуметтік келісімшарт» ретінде бағалайды.

«Қазір барлық несиелеріңізді жауып, болашаққа қам жасай аласыздар. Есесіне белгілі бір кезеңге дейін тұтынушылық несиеден бас тарту қажет. Өйтпеген жағдайда бәрі бұрынғыдай қалмақ. Бұдан халық ұтылмайды. Расымен де бір тыныстайтын уақыт жетті. Әсіресе тұрақты табысы мен жұмысы жоқ көпбалалы аналарға бұл айтарлықтай демеу. Немесе мүгедектерді алайық. Көбі үйде омалып отыр. Халыққа жақсы мүміндік берілді деп ойлаймын. Бір жағынан бұл несиені шектен тыс таратқан банктерге де үлкен көмек болды. Осыны ескере келе, банктерге несие саясатын қайта қарау керек деп санаймын. Несие бермес бұрын оның қайтарылу мүмкіндігі сарапталуы керек», - дейді саясаттанушы.

Айдос Сарымның айтуынша, аталмыш бір реттік акцияның бірнеше әсері болмақ. Бір жағынан халықтың ауыртпалығын жеңілдетсе, екінші жағынан банктердің нормативін жақсартады.

«Акцияның бір реттік болғаны және дәл қазір іске асқаны абзал. Аз ғана несиесін қайтара алмай жүрген тұрғындар үшін бұл үлкен көмек. Бірақ мұндай қадам алаяқтық әрекеттерге жол ашып, енжарлық туғызбауы керек», - деп түйіндеді Айдос Сарым.

Еске салсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың борыш жүктемесін жеңілдету туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

Жоғары қарай