Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -8 °С
валюта бағамы
USD 386.44
EUR 428.37
RUB 6.06
CNY 54.93

Авиация академиясының түлектеріне еш жерде сұраныс жоқ - ЖОО ректоры

2019 жылдың 8 қараша 2019 16:57

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Азаматтық авиация академиясының ректоры Бекен Сейдахметовтың айтуынша, Білім және ғылым министрлігінің нормативті құжаттары халықаралық авиациялық талаптарға сай келмейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз азаматтық авиацияны дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірледік. Қазақстанның өзін Шығыс пен Еуропаны байланыстыратын халықаралық фаб ретінде таныстыратыны белгілі. Сондай-ақ, Тұңғыш Президенттің бұрынғы Жолдауларында да авиация саласында білікті мамандардың керектігі туралы айтылған болатын. «Боинг» компаниясының алдағы 30 жылға жасалған болжамды зерттеулері жалпы әлемдік авиацияға 679 мың инженерлік техникалық маманның, 617 мың пилоттың керек екенін көрсеткен. Алдын ала болжамға сүйенсек, Қазақстанның авиация саласына алдағы 20 жылда 1200 пилот пен 1500 инженер керек», - деді Бекен Сейдахметов елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, әуе тасымалы нарығының кеңеюіне байланысты әуе компаниялары арасында бәсеке бұрынғыдан қыза түскен. Әуе жолаушыларының саны да өсе бермек.

«Бүгінгі күні саладағы ахуал туралы баян етейін. Біз отандық нұсқаушылар мен басқарушылардың, авиамамандардың жетіспеушілігін сезіп отырмыз. Авиация саласында елімізде 20 мың маман бар десек, оның 650-і - шетелдік. Академияның оқу бағдарламасының халықаралық авиациялық талаптарға сай еместігін баса айтып өткіміз келеді. Авиамамандарды даярлауға қаражат дұрыс жоспарланбаған. Ұлттық квалификация жүйесінің әлсіз ішкі тәртібі, даярлау жүйелерінің арасында байланыстың болмауы байқалады. Бізде 30 кәсіби стандарт болуы тиіс. Қазіргі уақытта оқу бағдарламасы кәсіби стандарттардың негізінде жасалады», - деді ол.

Бекен Сейдахметов қазір академия түлектеріне еш жерде сұраныс жоқ екенін айтады.

«Абитуриенттерді таңдау бойынша түлектерді жұмысқа тұрғызу механизмі жоқ. Бір пилотты дайындауға кетіп жатқан шығын оқу грантының құнынан 10 есе асып кетеді. Яғни, бір пилотты дайындау үшін мемлекет 20 миллион теңге жұмсайды. БҒМ-нің нормативті құжаттары халықаралық авиация талаптарына сай келмейді. Оқытушылық құрам әлсіз, халықаралық сертификаты бар нұсқаушылар жеткіліксіз», - деді ол.

Бекен Сейдахметовтың сөзіне сенсек, 2019 жылы академиядан 702 түлек түлеп ұшқан. Сонымен бірге, авиация колледжін 295 түлек бітірсе, 407-і академияда оқу бітіріп, 19-ы - магистрант. Биыл академия 797 студентті оқуға қабылдаған. Оның ішінде 269-ы авиациялық колледжге қабылданса, 492-і академияға оқуға келген. Оның 107-і – ұшқыштар. Бір адам докторантураға, 35-і магистратураға түскен.

Жоғары қарай