Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 386.19
EUR 427.71
RUB 6.07
CNY 54.87

Ауыз сумен қамтуға және газдандыруға тиісті қаражат бөлінеді - Президент

2019 жылдың 27 ақпан 2019 12:28

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бүкіл халқын таза ауыз сумен қамтуға және жаппай газдандыру жұмыстарына басымдық беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде мәлімдеді.

«Халықты таза ауыз сумен қамту және жаппай газдандыру - маңызды басымдық болып қала береді. Елді мекендерге су тарту және сумен қамтамасыз ету жұмыстарына қосымша 140 млрд теңге бөлуді тапсырамын. Бұл қаражатты облыстар алып, жұмысқа кірісуі керек. Бұл шешім осы саладағы 2,2 млн азаматтың мәселесін шешеді», - деді Президент.

Сонымен бірге, Елбасы газдандыру және электр қуатымен қамту үшін 190 млрд теңге бөлуді тапсырды. Бұл шаралар 1,1 млн адамды газбен қамтуға мүмкіндік береді және өңірлік энергиямен қамту әлеуетін арттырады.

«Бұл мақсаттар үшін Үкіметке 2019-2021 жылдар аралығында 920 млрд теңге қарастыруды тапсырамын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі өтіп жатыр.

Съезд «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Онда бірнеше мәселені қарастыру көзделген. Ең алдымен «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы туралы мәселе қозғалады. Одан кейін партияның Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар қарастырылып, партия Саяси кеңесінің жəне Орталық бақылау-тексеру комиссиясының есепті кезең бойынша жұмысының қорытындылары шығарылады. Сонымен қатар, партия Саяси кеңесінің жəне Орталық бақылау-тексеру комиссиясының мүшелері сайланатын болады.

Съезд жұмысына 2 мыңға жуық адам қатысуда. Оның 1200-і - еліміздің барлық өңірлерінен келген делегаттар, қалған 800-ге жуығы - қонақтар.

Жоғары қарай