Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 377.29
EUR 418.41
RUB 6.09
CNY 54.66

Атыраудағы колледжге мемлекет қайраткерінің есімі берілді

2019 жылдың 5 қазан 2019 07:27

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Атырау аграрлы-техникалық колледжіне белгілі мемлекет қайраткері Оңайбай Көшековтің есімін беруге арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов, еңбек ардагерлері мен қоғам өкілдері қатысты.

«Оңайбай Көшековтің есімі елге белгілі. Ол 15 жылдан астам уақыт облысымызды басқарды. Өзге де жауапты қызметтерді атқарды. Оның табандылығы, тәжірибесі мен еңбекқорлығының арқасында ел үшін аса маңызды көптеген істер жүзеге асты. Ол - есімі тарих беттеріне алтын әріппен жазылған біртуар тұлға. Сондықтан да жерлестерінің шынайы ризашылығы мен ықыласына бөленді»,- деген облыс басшысы Нұрлан Ноғаев жастарды осындай тұлғаларды үлгі тұтуға шақырды.

Сонымен қатар, өңір басшысы атап өткендей, осы колледжге аталмыш тұлғаның есімін беру – өңірдегі көптеген оқу орындарының ашылуына ұйытқы болған тұлғаға деген құрмет. Аймақ басшылығының шешімімен Атырау аграрлы-техникалық колледжіне жаңа ғимарат салып беру жөнінде шешім қабылданған. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттамалары жасақталып жатыр.

Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов та Оңайбай Көшековтің туыстарын, колледж ұжымы мен студенттерді құттықтай отырып, қайраткердің ел алдындағы еңбегін ерекше атап өтті. Бір кездері ол Маңғыстауды да басқарған. Оңайбай Көшековтің өңір басшылығы тұсында әлемдегі ірі қоры бар Теңіз мұнай кеніші ашылды, Атырау- Ганюшкин тас жолы салынды, Индер-Сағыз-Миялы жолы салына бастады, Мақат-Индер темір жолы іске қосылып, ауыл шаруашылығы саласы кең көлемде дами бастады, экономиканың өзге де салалары өрісін кеңге жайды.

Еңбек ардагері Есен Тасқынбаев Оңайбай Көшековпен бірге қызмет атқарған кездерін сағына еске алып, сол жылдар туралы тебірене сыр шертті.

«Оңайбай Көшековтің есіміне қылаудай дақ түсірмейді деген сенімдемін. Ұстаздар мемлекет пайдасы үшін ерен еңбек үлгісін көрсететін шәкірттерді тәрбиелейді деп үміттенем»,-деді өз сөзінде Есен Тасқынбаев.

Салтанатты шара барысында шақырылған қонақтар Оңайбай Көшековке арнап қойылған ескерткіш-бюстің ашылуына қатысып, колледждің бүгінгі тыныс-тіршілігімен де танысты.

Жоғары қарай