Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 30 °С
валюта бағамы
USD 384.52
EUR 431.32
RUB 6.10
CNY 55.89

Атырау тұрғынының пәтерінен 30 тонна қоқыс шығарылды

2019 жылдың 18 маусым 2019 16:20 729

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда коммуналдық қызметтер жергілікті тұрғынның пәтерінен үш КамАЗ қоқыс шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Әйелдің пәтеріндегі қоқыс 20 жыл бойы жиналған. Әйел ешқайда жұмыс істемейді, жалғыз тұрады, күнкөріске жұмсар қаражаты мүлде жоқ. Екі жыл бұрын көршілері үйде егеуқұйрықтар көбейе бастағанын аңғарған. Зиянкестер мекен еткен орын 60 жастағы азаматшаның пәтері болып шықты», - деп мәлімдеді қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

«Пәтерде екі бөлме бар, соның екеуі де қоқысқа толған. Оның бәрін әйел айнала маңдағы жуынды төгетін орыннан әкелген. Пәтердегі қоқыстар шіри бастаған. Егеуқұйрықтар біздің пәтерлерге жүгіріп кіріп, балаларды шошытып жатыр. Осы мәселені айтып Атырау облыстық әкімдігінің Tеlegram-дағы арнасына жүгіндік. Қала билігі жылдам келіп мәселені шешті», - дейді үйдің тұрғыны Александра Пак.

Атырау әкімінің тапсырмасымен комиссия құрылды. Жұмыс тобының мүшелері әйелдің пәтеріне барып, жағдаймен танысты.

«Анықталғандай, 1959 жылы туған азаматша Н.-ның тұлғасын куәландыратын құжаты жоқ, тек Кеңес өкіметі тұсында алған төлқұжаты ғана бар болып шықты. Осы күнге шейін жасына байланысты зейнетақы алмай келген. Жергілікті полицейлер әйелді Ауыр өмірлік жағдайда қалған тұлғаларды әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырды. Онда мамандар әйелге медициналық және психологиялық көмек көрсетіп, құжаттарын қалпына келтіру және зейнетақы рәсімдеумен айналысады», - дейді қала әкімдігінің әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің басшысы Нұрлы Хабиева.

Оның айтуынша, әйелдің пәтерін санитарлық тазартумен «Арнайы авто база» ЖШС 10 қызметкері екі күн бойы айналысқан. Жұмысшылар әйелдің пәтерінен жалпы 30 тонна қоқыс шығарған. Оны тасымалдау үшін үш «КамАЗ» көлігі қажет болған.



Автор: А. Соколов

 

 

Басты сөздер: Оқиға, Атырау облысы,
Жоғары қарай