Ауа райы
Нұр-Сұлтан 11 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 384.05
EUR 432.79
RUB 5.96
CNY 55.46

Астаналық бүлдіршіндер жыл соңына дейін балабақшамен толық қамтылады

2019 жылдың 13 сәуір 2019 20:00 1150

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылдың соңына дейін астаналық бүлдіршіндер 100% мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы әкімдікте өткен қалалық мәслихат отырысында Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде қаладағы балабақшаларда 2 100 бейнебақылау камерасы орнатылды, олардың барлығы «iKomek» орталығының бақылауында. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында балабақшаларда тағы 2 мың бейнебақылау орнату керек. Бұл жұмысты әкімнің тапсырмасына сәйкес жылдың соңына дейін аяқтауымыз қажет», - деді Ә.Жанғозин.

Білім басқармасы басшысының дерегіне сүйенсек, бүгінде қала бойынша 375 мектепке дейінгі білім беру мекемесінде  58 мың тәрбиеленуші білім алуда.

«Өткен жылы 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту 78%-ды құраған, осы жылы 90%-ды құрап отыр. Оның ішінде 36%-ы мемлекеттік тапсырыспен білім беретін жекеменшік балабақшада тәрбиеленуде. Осы көктемде балабақшалардан 7 мың тәрбиеленуші мектепке жол тартады, тиісінше олардың орнына басқа 7 мың бала келеді. Осылайша жыл соңына дейін, елорда бүлдіршіндерін мектепке дейінгі білім берумен 100% қамтымақпыз», - деді ол.

Айта кетсек, бұған дейін Ә.Жанғозин бас қалада тегін балабақша туралы ақпаратты қайдан, қалай алуға болатынын айтып берген болатын.

 

 

 

Автор: Дәулет Ізтілеу
Басты сөздер: Нұр-Сұлтан, Білім,
Жоғары қарай