Ауа райы
Астана 28 °С
Алматы 36 °С
валюта бағамы
USD 383.98
EUR 430.63
RUB 6.11
CNY 55.83

Астанадағы көшпенділер фестиваліне 10 мемлекеттен қатысушылар келеді

2019 жылдың 25 маусым 2019 19:47 941

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Маусымның 28-30 күндері астанада «Kóshpendiler Álemi» атты Көшпенділер этномәдениетінің IV халықаралық фестивалі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алғаш рет «Kóshpendiler Álemi»  халықаралық фестивалі өткен жылы  ұйымдастырылған болатын. Фестивальдің танымалдығы артып келеді. Өткен жылы әлемнің 8 елінен 90 қатысушы келсе, биыл 10 мемлекеттен 180 қатысушы келеді. Олардың басым бөлігі бауырлас түркі елдерінен келеді. Бірақ, Моңғолия, Корея және Ираннан мықты командалардың жасақталғаны бізді қуантады. Сонымен бірге, Гүлстан провинциясынан біздің отандастарымыз келеді», - деді «Kazakh Tourism» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде өткен брифингте.

Фестиваль қатысушылары Түркия, Әзербайжан, Болгария, Иран, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Моңғолия және Өзбекстан елдерінен келеді. Онда кәсіпшілер өз қолөнерін көрсетеді, садақшылар - жебе атуда жарысады, семсерлесу, күрес, ұлттық ойындар өтеді және ұлттық тағам түрлері ұсынылады.

Тимур Дүйсенғалиевтің айтуынша, көшпенділер фестивалін өткізуге 130 млн теңге бөлінеді.

«Нақты фестивальге 130 млн теңге бөлінеді. Оның үштен бір бөлігі шетелдік қонақтарды шақыруға жұмсалды. Негізгі бөлігі ойындарды өткізуге жұмсалды. Бұл - әлемде бар тәжірибе. Ғұн-Түркі құрылтайы өткізетін көшпенділер ойынында да қонақтар бар жағдаймен қамтамасыз етіледі. Айта кетейін, болгар, мажар, қырғыз батырлары өз өнерлерімен табыс табады. Ал мұнда еш гонорар алмайды. Мұнда өз қалауларымен келеді», - деп атап өтті Т. Дүйсенғалиев.

Фестиваль тұжырымдамасы 2008 жылдан бері Мажарстанда өтетін Түркі халықтарының үлкен құрылтайына негізделген. Жиын бағдарламасында фестиваль қатысушыларының елорда көшелеріндегі шеруін, кәсіби садақшылардың, көкпаршылардың, бүркітшілердің жарысын өткізу жоспарланған. 

Көшпенділердің этноқалашығы «Қазанат» ипподромы аумағындағы «Этноауыл» ұлттық мәдени кешенінде орналасқан.

 

 

Жоғары қарай