Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 386.34
EUR 427.25
RUB 5.88
CNY 54.57

Астанада жүк көлігі тоқтатпақ болған инспекторларды қағып кетті

2019 жылдың 16 шілде 2019 21:24 333

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан – Қарағанды бағытындағы жолда HOWO маркалы жүк көлігі көлік бақылаушы инспекторларды қағып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Көлік комитетінің баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, оқиға бүгін болған. Жылжымалы көлік бақылау бекетінің қызметкерлері кезекшілік кестесіне сәйкес Нұр-Сұлтан – Қарағанды автожолында бақылау жүргізген болатын.

Бақылау бекетінің 2 инспекторы HOWO маркалы жүк көлігін тоқтатпақ болған кезде жүргізуші олардың бұйрығын орындаудың орнына өздерін қағып өткен. Онымен қоймай басқа көлікке барып соғылған.

«Оқиға орнына Көлік комитетінің мамандары, жол полициясының қызметкерлері және жедел жәрдем мамандары келіп, зардап шеккен көлік инспекторлары ауруханаға жеткізілді. Ал жол ережесін бұзған жүк көлігінен нормативтен 20 тонна артық жүк тиелгені анықталды. Оның жүргізушісінің үстінен іс қозғалатын болады», - делінген баспасөз мәліметінде.

ҚР Көлік комитеті 21 мамырдан 31 тамызға дейін «Назар аударыңыз, ауыр салмақты көлік!» акция жүргізіп жатыр.

Комитеттің мәліметіне сүйенсек, негізінен жүк көліктерінің нормадан тыс ауыр жүк тиеуі жиі кездесуде. Ведомство жалпыға ортақ жолмен шамадан тыс ауыр жүк тиеп өткен көліктер туралы ақпаратты кез келген азамат +7708 088 08 00 нөмірі бойынша WhatsАpp мессенджері арқылы жіберуге болатынын хабарлайды.

Жоғары қарай