Ауа райы
Астана 13 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 389.52
EUR 429.21
RUB 6.07
CNY 54.94

Астана Опера театры Мәскеуде «BraVo» сыйлығына ие болды

2019 жылдың 20 наурыз 2019 14:57

АСТАНА. ҚазАқпарат - Классикалық өнер саласындағы Халықаралық кәсіби музыкалық «BraVo» сыйлығының екінші салтанатты табыстау рәсімі Мәскеуде 19 наурыз күні Ресей Үлкен театрының әйгілі тарихи сахнасында өтті. «Астана Опера» театры «Жылдың концерт/театр алаңы» аталымы бойынша көшбасшысы атанды. Театрға марапатты РФ мәдениет министрі В.Мединский табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

- «Астана Опера» театрының ұжымы «BraVo» сыйлығын беру туралы жаңалықты ерекше қуанышпен қабыл алды. Сарапшылар мен халықаралық музыкалық қоғамның құрметіне ие болу біз үшін үлкен мәртебе. Беделді марапат «Астана Опера» ұжымын жаңа жетістіктерге шабыттандыра түседі деп сенемін, әртістеріміздің қажырлы еңбегіне көрермендер бірауыздан «жарайсыңдар!» деп баға береді деген үміттеміз. Тағы да барлықтарыңызға үлкен рақмет. Баршаңызға бейбітшілік, келісім мен шығармашылық табыстар тілейміз, - деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» МОБТ директоры Ғалым Ахмедьяров.

Осы кеште Үлкен театр сахнасынан қазақстандық опера жұлдызы, «Большая опера» ресейлік жобасының жеңімпазы Салтанат Ахметованың әсем дауысы сыңғырлап, ол Ш.Гуноның «Ромео мен Джульетта» операсынан Джульеттаның вальсін орындады. Сонымен қатар әккі көрерменнің алдында көрнекті опера орындаушылары, атақты жұлдыздар өнер көрсетті: Витторио Григоло (Vittorio Grigolo), Анджела Георгиу (Angela Gheorghiu), Алессандро Сафина (Alessandro Safina) және т.б. Салтанатты кешті дирижер Павел Клиничевтің жетекшілігіндегі Үлкен театрдың хоры мен оркестрі сүйемелдеді. Есімдері әлемге әйгілі голливуд актері Джон Траволта (John Travolta) мен ағылшын актрисасы Хелен Миррен (Helen Mirren) «BraVo» сыйлығын табыстау рәсімінің арнайы қонақтары болды.

Еске салайық, «BraVo» сыйлығының өзге музыкалық жүлделерден өзгешілігі - Еуразия құрлығының ондаған елін қамтитын теңдессіз ауқымы.




null

Басты сөздер: Өнер, Мәдениет, Ресей,
Жоғары қарай