Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 386.30
EUR 428.14
RUB 6.08
CNY 54.87

«Астана Опера» музыканттары Ресейдің Үлкен театрында өнер көрсетті

2019 жылдың 12 қараша 2019 22:38

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - «Астана Опера» театрының дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин мен театрдың симфониялық оркестрінің бірінші скрипкасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, солист Бағдат Әбілханов 11 қараша күні Ресейдің Үлкен театрында үлкен жетістікпен өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Танымал қазақстандық музыканттар «Видеть музыку» Төртінші музыкалық театр фестивалінің жабылуына арналған гала-концерт пен музыкалық театрдың атақты қайраткерлеріне «Легенда» сыйлығын салтанатты табыс ету рәсіміне қатысты. Сондай-ақ бұл кеште Ресейдің музыкалық театрларының әртістері мен жақын шетелден келген Музыкалық театр қауымдастығының мүшелері өнер көрсетті.

Н.Сац атындағы Мемлекеттік академиялық балаларға арналған музыкалық театрдың симфониялық оркестрімен бірге Абзал Мұхитдин мен Бағдат Әбілханов атақты аспаптық шығармалар – Ж.Массненің «Таис» операсынан «Медитация» және А.Вивальдидің «Жыл мезгілдері» топтамасынан «Жаз» оркестр мен скрипкаға арналған №2 концертінен, соль минор «Найзағайды» орындады. Талғампаз мәскеулік тыңдарман танымал классикалық туындылардың шабыттанған интерпретациясын, Б.Әбілхановтың скрипкадағы керемет ойынын, маэстро А.Мұхитдиннің кәсібилігі мен тамаша дирижерлік шеберлігін жоғары бағалады.

«Осынау айтулы сахнада өнер көрсету біз үшін үлкен құрмет әрі қуаныш. Шақырту үшін фестиваль ұйымдастырушысына шексіз алғысымызды білдіреміз. Сонымен қатар ыстық ықыласпен, зор қошеметпен қабыл алған ресейлік тыңдарманға рахмет айтамыз», - деді Абзал Мұхитдин.




Басты сөздер: Мәдениет, Ресей,
Жоғары қарай