Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 385.55
EUR 426.57
RUB 6.05
CNY 54.77

Astana Finance Days қаржы конференциясында не талқыланды

2019 жылдың 4 шілде 2019 20:23

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада 1-4 шілде күндері дәстүрлі Astana Finance Days мамандандырылған қаржы конференциясы өтті. Оған әлемдік сарапшылар, саясаткерлер, бизнес өкілдері және «Астана» халықаралық қаржы орталығына тіркелген компания өкілдері келді. Олар соңғы он жылда болған өзгерістерге талдау жасап, жаңа тәсілдер мен жолдарды талқылады.

ҚазАқпарат агенттігі мамандандырылған конференцияда талқыланған ең өзекті тақырыптарды ұсынады.

«Астана» қаржы орталығы IPO-ға шығуға көмектеседі

Елордада Astana Finance Days форумы аясында АХҚО Бюросында алғаш рет компаниялардың IPO-ға шығу жолдары туралы практикалық семинарлар өтті. Жиын қорытындысы бойынша үздік компаниялар іріктеліп, АХҚО олардың іс жүзінде IPO-ға шығуына көмектеседі. Тәжірибелік семинарда түрлі халықаралық институт өкілдері компанияларға бухгалтерлік есептің маңыздылығын, дұрыс қаржы үлгісі мен корпоративті басқару жолдарын түсіндірді. Атап айтқанда, Әлемдік бухгалтерлер мен аудиторлар қауымдастығының (АССА) өңірлік жетекшісі Викас Аггарвал шағын және орта бизнесті дамыту жолдары туралы кеңес берді

«Әлемдік қаржылық дағдарыста шағын және орта бизнес тұрақтап қалды және жаңа жұмыс орнын ашты. ШОБ дамыған елдерде ғана емес, дамушы елдерде де экономиканың жоғары үлесін иеленіп отыр. Нарықта озық болу үшін шағын және орта бизнес жаңа технологиялар мен өнімдерге, жаңа қызметтерге қаражат жұмсаған жөн», - деді Викас Аггарвал.

Білім беру саласындағы төңкеріс

Сонымен бірге, Astana Finance Days аясында елордада тұңғыш рет EdTech-2019 білім беру технологиялары форумы өтті. Шараға келген Coursera, EdCrunch, Google,Microsoft, ACCA, GARP сынды халықаралық компания өкілдері білім беру технологияларындағы өзекті мәселелерді талқылады. Жиынның арнайы қонағы, «Fung Group» компаниялар тобының басшысы Виктор Фанг білім беру саласында төңкеріс жасайтын уақыт болғанын айтты. «McKenzie» жүргізген зерттеуге сәйкес, әлем бойынша жұмыс орындарының жартысына жуығын автоматтандыруға болады. ХХІ ғасырдың ортасында жұмысшы мамандықтардың тең жартысы алмастырылады. Автоматтандыру әлемде 400 млн адамға ықпал етеді.

«Меніңше, жаңа технологиялар білім беру саласына төңкеріс жасайды. Бұл сәтте жұмыссыздықтан арылу үшін мамандар жаңа қабілеттерді үйренуі қажет», - деді Виктор Фанг «Цифрлық дәуірдегі білім беру» сессиясында.

Қаржы саласы жаңа технологияларды неге қабылдамайды?

Astana finance days аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығында алғашқы финтех-саммит ұйымдастырылды. Онда қаржы саласындағы жоғалып бара жатқан мамандықтар, дамудың жаңа кезеңі, қаржылық қызмет көрсетудегі қиындықтар мен жаңа әлемдік үрдістер талқыға салынды.

«Төртінші өндірістік революция бізді дамудың жаңа кезеңіне шығарды. Қазіргі уақытта біз жасанды интеллект, блокчейн, интернет-өнімдер туралы айта бастадық. Бірақ қаржы саласындағы инновациялық жаңалықтар өте баяу жүруде. Себебі, біз адамдардың ақшасымен жұмыс істейміз. Кез келген тексерілмеген қадам ақшаның жоғалуына әкеп соғады. Сондықтан қаржылық институттар конверванттық көзқарасты ұстанады. Олар өз инвесторлары мен ақшалай қаражатын сақтағысы келеді», - деп түсіндірді FinTech4Good директоры Сяочень Жэнг.

Сонымен бірге, сарапшылар қаржы саласындағы цифрландыру, QR-төлемдер, онлайн-кассалардың артықшылықтары мен кемшіліктері туралы пікір білдірді.

Халал-индустрияға баса мән беріледі
Қазақстан өңірдегі исламдық қаржыландыруды дамыту үшін тартымды платформа болып саналады және исламдық қаржыландыру - АХҚО стратегиялық міндеттерінің бірі. Осы орайда АХҚО-да Ислам қаржыландыруымен, халал-индустриямен және инвестиция тартумен айналысатын қауымдастық құрылып жатыр.

«Исламдық қаржы жүйесі экономиканың нақты секторымен тығыз байланысты. Оның құралдарын пайдалануда белгілі бір шектеулер бар. Мәселен, кәсіпкердің құмар ойын ұйымдастыруына, алкоголь өндіруіне, үстеме өсімге тыйым салынған. Сондықтан исламдық қаржыландырудағы кәсіп халал болғаны жөн. Халал бизнесті азық-түлік индустриясымен ғана байланыстырып үйренгенбіз. Ал шын мәнінде фармацевтика, туризм сынды аясы кең. Сондықтан, халал-индустрияны дамытсақ, инвестиция да көптеп түсер еді», - деді «Астана» халықаралық қаржы орталығы Исламдық қаржы мен бизнес хабының басшысы Әлібек Нұрбеков "ҚазАқпарат" тілшісіне берген сұхбатында.

Жаңа ұйымдар

Astana Finance Days аясында Астана халықаралық қаржы орталығында бірнеше ғимараттардың тұсауы кесілді. 1 шілдеде ҚР Президентінің қатысуымен АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығы ашылды. АХҚО соты ағылшын заңына негізделеді және қаржылық орталықтың конституциялық заңына сүйенеді. Ол Қазақстанның сот жүйесінен тәуелсіз және азаматтық, коммерциялық шағымдармен ғана жұмыс істейді.

Сот жүйесіне қатысты тағы бір қызықты жоба - AIFC Law Pro Bono деп аталады. «Pro Bono» термині «қоғам игілігі үшін» деген мағына береді. Яғни, заңгер жалдауға қаражаты жетпеген адамдарға тегін сапалы заңгерлік қызмет көрсетіледі.

АХҚО аясында ашылған Үздіксіз кәсіби даму бюросы халықаралық және жаһандық деңгейде танылып үлгерді. Бұл орталық заманауи әлеуметтік біліктер бойынша маман даярлаумен айналысады. Оқыту онлайн және оффлайн режимде жүргізілетіндіктен, әрбір адамның сапалы білім алып, өзін-өзі дамытуына мүмкіндік туып отыр.

Жоғары қарай