Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 386.19
EUR 427.71
RUB 6.07
CNY 54.87

Әскери өмірді насихаттайтын отандық телесериал көрерменге жол тартады

2019 жылдың 16 қараша 2019 14:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордада отандық «Дала қырандары» атты телесериалдың жабық көрсетілімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

25 қарашадан бастап «Хабар» телеарнасынан қазақстандық «Дала қырандары» атты телесериал қалың көрермен қауымға жол тартады.

Туындының төркініне келсек, Берік, Қанат, Ерлан және Мәдина есімді жас офицер-ұшқыштардың отан қорғау жолындағы қиындық пен қызыққа толы әскери өмірі баяндалады.







«Баршаңызды жаңа туындының тұсаукесерімен құттықтаймын. Өздеріңіз білесіздер, қазақ халқы үшін қыран ұғымы қашанда қастерлі. Сондай-ақ, жеті қазынаның бірі саналады. Аналарымыз баласына әрдайым «қырандай қанатың талмасын» деп бата берген. Осы тұрғыда қыран сөзінің ұғымы терең екенін түсінеміз. Бүгін отандық телесериал қоржыны тағы бір өніммен толығып жатыр. Сериалдың өз көрерменін табатынына сенімдімін. Тағы бір айтып өтетін сәт - туынды әскери мамандық пен аталған саланың өз ерекшелігін насихаттайды», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.







Телесериал авторларының айтуынша, түсірілім негізінен Талдықорған қаласындағы әскери бөлімдерде өтті және оған 2 ай уақыт жұмсалды.

«Бүгін екі министрлік бірлесіп, жүзеге асырған жаңа телетуындының тұсауын кесудеміз. Жаңа сериалды бірінші болып тамашалау - біз үшін қуаныш. Телесериалдың шығармашылық тобы біздің қарулы күштер штабында бірнеше айлап жұмыс істеді. Фильмде екі жастың махаббаты мен әскери қызмет туралы баяндалады. Түсірілім барысында біздің мамандар барынша қолдау көрсетіп, жұмыс тобына жағдай жасалды. Бұл сериалдың біз үшін маңызы ерекше. Себебі көп адам «бейбіт заманда әскердің не қажеті бар» дейді, олардың нақты немен айналысып жатқаны біреуге мәлім болса, біреулер үшін беймәлім. Ал әскерилердің басты ерекшелігі - олар әрқашан кез келген жағдайға дайын болуы тиіс. Осы орайда әскери өмірдің телетуынды арқылы көрсетіліп, дәріптелуі аталған мамандық иелерінің мерейін үстем етеді. Және болашақта осы салада қызмет еткісі келетін жас ұрпаққа өнеге болады», - деді ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев.







Телетуынды 12 сериядан тұрады, ал басты рөлдерде Олжас Әбжанов, Ерік Хамидуллаев, Назар Шерхан, Айнұр Нұрсейіт, Фариза Ескермес және Аян Өтепберген секілді әртістер ойнайды.




«Алдымен біздің шығармашылық тобымызға сенім артқан екі министрлік басшылығына алғыс айтамын. Бұл - біз үшін үлкен құрмет. Түсірілім барысында көрермен тарапынан да үлкен қолдауды сезіндік. Олар әлі күнге дейін хабарласып жатады. Сериалдың экранға шығуын асыға күтіп жүргендер бар», - дейді «Дала қырандары» сериалының продюсері Максим Акбаров.




Жаңа телесериалдың тұсаукесер рәсіміне әскерилермен қатар, көрермендер және туындының түсірілім тобы мүшелері қатысты.




Жоғары қарай