Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Асқар Жұмағалиев ХҚО басшыларымен жиын өткізді

2019 жылдың 2 мамыр 2019 15:32

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтің «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ басшылығымен өткізген жиында мемлекеттік корпорацияның 2019 жылдың алғашқы тоқсанда атқарған жұмыстары қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарлары талқыланды. Бұл туралы корпорацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Бейнеконференцбайланыс арқылы онлайн режімде өткен жиынға мемлекеттік корпорацияның барлық облыстық және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы филиал директорлары да қатысты.

Жиында қызмет көрсету сапасын арттыру, қазақстандықтарды өздігінен электрондық қызметтерді алуға үйрету, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және т.б. мәселелер талқыланды. Кездесуде министр жиынның басты тақырыбы - мемлекеттік корпорация қызметкерлерінің жұмыс істеу принциптерін қайта қарап, оларды азаматтарға жақын ете түсу екенін айтып өтті.

«Азаматтарға арналған үкіметтің» негізгі идеологиясы сол, сіздер - азаматтардың көмекшісісіздер. Яғни, сізге көмекке жүгінген азамат сапалы қызмет алуы қажет. Тіпті, мемлекеттік орган тарапынан туындаған мәселеге орай, азамат қандай да бір қызметті ала алмаған жағдайда, сіздер барынша көмек көрсетулеріңіз керек. «Бір терезе» қағидасы деген - осы», - деп нақтылады Асқар Жұмағалиев.

ХҚО-да мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын қызметкерлерді қаржылай ынталандыру есебінен арттыру мәселесі де сөз болды. Биыл қызметкерлердің жалақысы орта есеппен 10% көбейгенімен, 328 фронт-кеңсе басшысына өз шығындарын оңтайландырып, үнемделген ақша қаражатын жалақы қорына аудару ұсынылды.

Осымен бірге, министр мерзімінен кешіктіріліп көрсетілген әр мемлекеттік қызмет бойынша тексеру жүргізіп, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің жұмысына талдау жасауды, орын алған мәселелерді шешу үшін тиісті іс-шаралар қабылдауды, азаматтарды өздігінен мемлекеттік қызметтерді алуға үйретуді тапсырды.

«Егер бір аймақта азаматтардың өздігінен egov, телеграм-бот, мобильдік қосымша арқылы қызметтерді алу көрсеткіші 20%-ды көрсетсе, келесі бір аймақта 2%-ды құрап отыр. Бұл облыстық филиал басшыларының жұмысты аяғына дейін жеткізбегенін көрсетеді. Яғни, азаматтарға мұндай мүмкіндіктер жайлы айтпайсыздар немесе оларды дұрыс үйретпейсіздер»,- деп айтып өтті министр.

Тағы бір шешімін күткен мәселе - сыбайлас жемқорлықпен күрес. Мемлекеттік корпорацияда көрініс беретін сыбайлас жемқорлықты түп тамырымен жоюға Министрліктің Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен әріптестік жөніндегі меморандумы септігін тигізуі керек. Асқар Жұмағалиев аталған құжатқа таяу күндері қол қойылатынын жеткізді.

Айта кетейік, бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-да мемлекеттік қызметтің 621 түрін ұсынатын 328 фронт-кеңсе, 9 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді.

Басты сөздер: Электрондық үкімет,
Жоғары қарай