Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 389.86
EUR 435.32
RUB 6.12
CNY 55.12

Асқар Мамин халықаралық қаржы институттарының өкілдерімен кездесті

2019 жылдың 12 наурыз 2019 18:00

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин халықаралық қаржы институттарының өкілдерімен - Қазақстандағы Азия даму банкі өкілдігінің басшысы Джованни Капанеллимен, ҚР-дағы Ислам даму банкі өңірлік хабының басшысы Хишам Талеб Маруфпен, Орталық Азия бойынша Халықаралық қаржы корпорациясының өңірлік өкілдігінің басшысы Кассандра Колбертпен кездесті. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.

Кездесулер барысында ынтымақтастықты жалғастырудың басым бағыттары және Қазақстан экономикасының түрлі секторларында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Д. Капанеллимен кездесуде екіжақты өзара іс-қимыл мәселелері, соның ішінде еліміздің тұрақты дамуы мен өсуі мақсатында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашылық еткен Серіктестік туралы шекті келісімді іске асыру мәселелері қаралды.

Серіктестіктің 2017-2021 жылдарға арналған жаңа стратегиясын іске асыру, біліммен және тәжірибемен алмасу бағдарламасын техникалық қолдау, қала инфрақұрылымын жаңғырту, көлік саласы және логистика жобаларын, сондай-ақ, бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру тәсілдері талқыланды.

«Азия даму банкі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жаңғыруына едәуір үлес қосып жүрген еліміздің маңызды стратегиялық серіктесі», - деді Премьер-Министр.

Қазақстандағы Ислам даму банкі өңірлік хабының директоры Хишам Талеб Маруфпен «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясында жаңа бірлескен жобаларды іске асыру, сондай-ақ өңірлік көлік инфрақұрылымын, ауыл шаруашылығын, энергетиканы, сауда-саттықты, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді дамыту, соның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша іске асырудағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері талқыланды.

Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі исламдық банкинг пен қаржы қағидаттарын енгізу бойынша заңнамалық түзетулерді қабылдаған бірінші ел. Банк пен Қазақстан арасында ынтымақтастықты дамытуда маңызды қадам ИДБ Тобының Президенті доктор Бандар Хаджардың АХҚО Басқару жөніндегі Кеңестің құрамына енуі болды.

«АХҚО басқарушы құрамында ИДБ өкілінің болуы оның жетекші халықаралық қаржы орталығы ретінде дамуы үшін жағдайлар тудыруға ықпал етеді», - деді А. Мамин.

Кассандра Колбертпен кездесуде Мемлекет басшысының бастамасы бойынша қол қойылған, экономиканы әртараптандыру бойынша серіктестік туралы Шекті келісімді іске асырудың табыстылығы атап өтілді. Бұл құжат 2020 жылдың соңына дейін созылған.

Сонымен қатар, тараптар Қазақстан дамуының стратегиялық мақсаттарына жауап беретін, серіктестіктің 2019-2024 жылдарға арналған елдік стратегиясының жобасын талқылады.

Жоғары қарай