Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 388.81
EUR 429.01
RUB 6.08
CNY 55.49

«Аshyq alań»: Шетелден маман тартудың талабы қандай

2019 жылдың 21 қазан 2019 22:26

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР СІМ Инвестициялар жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Лариса Жұмағалиева шетелдік мамандардың Қазақстанда жұмыс істеуі талаптарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттің қазіргі саясаты бойынша, бастапқыда инвесторға алдын ала рұқсат береміз. Себебі, онда уникалды технологиямен Қазақстанда бұрын-соңды болмаған жаңа зауыттар ашылады. Ондай мамандар бізде жоқ, оны ешкім даярламаған. Сондықтан, бастапқыда сол зауытты құру үшін, іске қосу үшін және бір жыл бойы жергілікті мамандарды үйрету үшін инвесторларға маман әкелуге рұқсат береміз. Алайда олардың саны шектеулі шектеулі және мемлекеттік құзырлы органдардың қадағалауында болады. Шетелдік инвестор өз мамандарын әкелуді және қазақстандық мамандарды даярлауды өз жауапкершілігіне алып, алдын ала келісім бекітеді. Сондай жағдайда ғана инвесторға рұқсат беріледі», - деді Л. Жұмағалиева «Qazaqstan» ұлттық арнасындадағы «Аshyq alań» қоғамдық-саяси ток-шоуында.

Сонымен бірге, бағдарламада ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров қоғамдағы қытай фобиясы туралы пікір білдіріп, Қытай инвестициясы туралы ақпарат жетіспейтінін айтты.

«Қытайдан қорқаудың қажеті жоқ. Дамыған елдер Қытайдың қаржысына таласып жатыр. Солтүстік Еуропада Швецияда Volvo комипаниясын сатып алды. Шведтер неге шуламайды? Біздің қоғамдағы риториканы тыңдап көсреңіз, шетелден ақша сұрамайық дейді. Онда қайдан табамыз? Өзімізде ақша жоқ. 90-жылдарды еске түсірейік, Совет үкіметі құлаған соң, ешкімде ақша болмады ғой. Сондықтан шетелдің инвесторларын шақырдық», - деді А. Смадияров.

Оның пікірінше, қоғамды ақпараттандыру жүйелі түрде жүруі тиіс және жергілікті аймақтық билік халыққа дұрыс түсіндіре алуы керек.

«Ең алдымен шетелдік инвестор елшілікке келеді. Оны елшіліктен орталыққа – Сыртқы істер министрлігіне алып келеміз және қажетті аймаққа жіберіледі. Бұл – астанада шешілетін мәселе емес. Облыстардың басшылығы, жергілікті билік инвесторлармен жүйелі жұмыс жүргізуі керек. Қанша зауыт ашылды? Сол зауыттың жұмысшылары біз осындай жұмыс істеп жатырмыз, айлық алып жатырмыз деп неге айтпайды? Ал әлеуметтік желілерде тарап жатқан қаңқу ақпарат – ақпараттық соғыстың бір қыры», - деді Айбек Смадияров.

Спикердің айтуынша, Қазақстанға ең көп инвестиция салған бес мемлекет қатарында Нидерланды, АҚШ, Қытай, Франция және Испания бар. Олар көбінесе ресурстық бағытта шикізат өнімдеріне немесе сол шикізатты өңдейтін технологияларға қызығушылық танытқан.

Жоғары қарай