Ауа райы
Астана 24 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 386.82
EUR 428.67
RUB 5.86
CNY 54.95

Арзан Toyota Land Cruiser іздеген шығысқазақстандықтар алаяқтарға жем болды

2019 жылдың 24 қаңтар 2019 21:15 814

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанда 520 адам интернет-алаяқтардың құрбанына айналған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тіркелген 520 алаяқтық оқиғаның 407-сінде алаяқтар облыс аумағынан тыс жерде отырып-ақ әрекет еткен.

Мысалы, Қарағанды облысының Абай қаласында тұратын азамат Шығыс Қазақстанның екі тұрғынына IPhone маркалы телефон «сатқан». Аңқау тұрғындар жалған хабарландыруға сеніп, анонимді төлеу жүйесіне ақшаның бір бөлігін аударып жіберген. 

Ал теміртаулық 46 жастағы алаяқ ШҚО-ның алты бірдей тұрғынын алдап соққан. Ол өз құрбандарына қоңырау шалып, олардың ұялы телефон ұтып алғаны туралы жалған ақпарат берген.

«Ұтыс туралы толығырақ білгіңіз келсе, осы нөмірге ақша салыңыз» деген шарт қойылып отырған. Бұл қулыққа алты бірдей адам алданыпты.

Ғаламтордан арзан автобөлшектер мен көлік іздеушілер де жиі алданатын болыпты. Облыстық Полиция департментінің мәліметіне сенсек, «Toyota Land Cruiser» көлігін қолжетімді бағаға сатып алмақ болған 12 адам жер сипап қалған.

«Тағы 10 азамат 41 жастағы алаяққа автобөлшектер үшін алдын ала ақша аударып жіберген.  Барлық жағдайда ұсынылған тауардың құны базар бағасынан әлдеқайда арзан болуы зардап шегушілерді қателікке ұрындырған» - дейді департамент өкілі Айгерім Нұрғазина.

Оның айтуынша, жалға пәтер беру, пластик терезе орнату, несие ресімдеу, курстық және дипломдық жұмыстарды жазу туралы хабарламалардың арасында да алаяқтық жарнамалар көбейіп кеткен.

 

 

 

 

Жоғары қарай