Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Арыста зардап шеккен 2 бала елордаға жеткізілді

2019 жылдың 28 маусым 2019 17:12

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Нұр-Сұлтандағы №2 қалалық балалар ауруханасына өзі барып санитарлық авиациямен жеткізілген екі кішкентай науқастың жағдайымен танысты. Бұл туралы ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«№2 қалалық балалар ауруханасында балалардың еміне қажетті барлық жағдай жасалған. Білікті мамандарды шақырдық, мұнда медициналық аппараттар мен дәрі-дәрмек те жеткілікті. Балалардың жағдайы менің жеке бақылауымда болады», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

2005 және 2011 жылдары туған екі кішкентай науқас Нұр-Сұлтандағы №2 қалалық балалар ауруханасындағы жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер екі науқастың да бас миы мен көкірегін КТ өткізіп, біреуіне операция жасады. Отадан шыққан кішкентай пациенттің жағдайы өте ауыр. Екіншісінің жағдайы - тұрақты ауыр. Денсаулық сақтау министрі аурухана басшысына науқастардың денсаулығына қатысты қандайда бір өзгеріс болса дереу мәлімет беріп отыруды тапсырды.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Салдарынан үш адам қаза тапты - Арыс тұрғыны мен екі әскери қызметші. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды.

Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арыстағы жағдайға алаңдаушылық білдірді. Тұңғыш Президенттің төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп, онда Арыс қаласындағы ахуал талқыланды.

Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін айтты. Келтірілген залалдың көлемі бағаланып, Үкімет резервінен ақша бөлінеді.


Эвакуациялау кезінде мыңнан астам ата-ана баларынан көз жазып қалды. Сәбилердің барлығы туыс-туғандарына дін-аман тапсырылды.

Факті бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қаладағы төтенше жағдай жолаушылар пойыздарының кестесіне де әсер етті, оның ішінде халықаралық пойыздар бар.

25 маусым, сағат 12.00-дегі жағдай бойынша әскери бөлім аумағында жарылыстар тоқтады. Дегенмен, оқ-дәрілер сақталатын қоймалардың аумағында бықсыған оттың ошақтары байқалғандықтан, ҚР Ішкі істер министрлігі жарылыстардың қайталану қаупі сақталып отырғанын ескертті.

Осы уақытта ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-инженерлік қызметшілері Арыс қаласын минадан тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Снарядтардың дені тұрғын үй алқаптарына түскен.

Арыс тұрғындарына көмек қолын созу мақсатында елімізде «Арыс, біз біргеміз» акциясы бастау алды.

27 маусым, кешкі уақыттағы жағдай бойынша, Арыста өрт ошақтары толығымен сөндірілді. Бұл туралы журналистерге арналған брифингте мәлім етілді. Оған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер, еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин, прокуратура және ветеринария саласының өкілдері қатысты

«Қаладағы негізгі көшелер мен алаңдардың бәрі тексеріліп, тазаланды. Сапер мамандарымыз 500-дей снаряд қалдығы мен жарылғыш заттарды тауып, залалсыздандырды. Қорғаныс министрлігі тарапынан тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау бағытында тиісті шаралар атқарылуда. Енді біз қаладағы барлық үйдің ауласын толық тексереміз. Дәл қазір қалаға ешкімді кіргізе алмаймыз. Бұған тұрғындардың түсіністікпен қарауын өтінеміз. Арыстықтардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс», - деді Бақыт Құрманбаев.

Бас санитарлық дәрігер қалада радиацияның мөлшері қалыпты нормада екенін айтты. Қоғамдық орындар, қоқыс контейнерлері, нысандар толық тазаланып, дезинфекция жүргізіледі. Жарылған қоймада радиоактивті оқ-дәрілер болмағанын Қорғаныс министрлігі де мәлім етті. Қоймаларда болжаммен 30-50 жарылыс болды. Қорғаныс вице-министрі Тимур Дандыбаев стратегиялық арсенал неліктен Арыстағы тұрғын үй кешеніне жақын орналасқанын түсіндірді.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің сөзінше, арыстықтар үйлеріне аптаның соңында орала алады.

Жоғары қарай