Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 383.95
EUR 429.26
RUB 6.16
CNY 55.02

Арыс тұрғыны түн ішінде өз үйін балтамен қиратып тастаған

2019 жылдың 13 тамыз 2019 19:18

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Арыс қаласында иелерінің өз үйлерін өздері қирату жағдайы тіркеліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов Facebook-тегі парақшасында Арыс қаласының тұрғындарының бірі түнгі уақытта Төле би көшесі 183 мекенжайдағы үйін балтамен, сүйменмен қиратып тастағандығын жазды.

«Бірінші видеоны құрылысшылар түсірген. Ол кезде үй иесі баспанасын жөндеу туралы ұсыныспен келіспеген. Ол жарылыс салдарынан келген шығынды асыра сілтеп, үйді сүріп тастауды талап еткен. Әрине, құрылысшылар көршісінің саман кірпіштен салынған, кейін қирап қалған үйін сүріп тастап, орнына жаңа үй салып жатқан кезде кез келген адамда қызғаныш тууы мүмкін. Бірақ, өз мүлкіңді құрту – тіптен миға сыймайтын жағдай. Келесі күні үйдің келбеті басқаша болып тұрды», - деп сөзі дәлелді болу үшін Сәкен Қалқаманов өз парақшасында видео салып отыр.

Өкінішке қарай, мұндай жағдай қаланың басқа бір жағында да тіркелгені хабарланды.

«Мадалиев көшесі 125 а мекенжайында тұратын Раманқұлов деген біреу түнде жап-жақсы тұрған өз үйінің быт-шытын шығарған. Ал негізінен ол үйде бар-жоғы бірнеше терезе сынған. Сылағын күрекпен қырып, шатырын қиратпақ болған. Сөзіміз дәлелді болу үшін фотоларды ұсынамыз. Неліктен олай еттің деген сұраққа үй иесі «комиссия қашан келеді?» деп жауап берген», - деп жазады Қалқаманов.

Еске сала кетсек, бұған дейін арыстықтарға берілетін 100 мың теңгенің қашан аударылатыны хабарланған болатын.

Жоғары қарай