Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Арыс тұрғындарына гуманитарлық көмек бөліп берілуде

2019 жылдың 28 маусым 2019 16:42

АРЫС. ҚазАқпарат - Бүгін таңертеңнен бастап Арыс қаласының тұрғындары барлық эвакуациялық пункттерден үйіне оралып жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Арыс тұрғындарына еліміздің әр өңірінен гуманитарлық көмек ретінде жеткізілген киім-кешек пен азық-түлікті таратылуда.

«Арыс, біз бірігеміз» акциясы аясында еліміздің барлық тұрғындарынан үлкен көмек көрсетілді. Павлодар облысынан 91 тонна түрлі қажетті заттарды алып келдік, басым бөлігі азық-түлік. Павлодарлықтар бір ауыздан атсалысып қолдарынан келген көмекті аямады», - дейді кәсіпкер Бауыржан Бекмырзаев.

Арысқа оралған жергілікті тұрғындар ең алдымен барша қазақстандықтарға көмек көрсеткендері үшін алғыстарын білдірді. Кейбір тұрғындар өз үйлерінің жай-күйін тексеріп жатты.

«Мен жарылыс болған күні Алматыда едім. Бірақ үйде туысқандарым, балалар, немерелерімді қосқанда 10 шақты адам болды. Екі немерем балабақшада болатын. Оларды көршілерім алып кетіпті. Сондықтан ол кісілерге айтар алғысым шексіз. Біздің қайғымызға ортақтасып, басымызға қиындық түскен кезде бүкіл қазақстандық көмекке келді. Соған ризамын. Әкімдіктен адамдар келіп, үйді қайта қалпына келтіріп береміз деп жатыр», - дейді Арыс қаласының тұрғыны Қанат Сиқым.

Бүгін коммуналдық шаруашылық қызметінің мамандары Арыс қаласындағы электр желісі мен ауыз су жүйелерін іске қосуда.

Сондай-ақ, Арыс стансасындағы барлық бағыттар бойынша темір жол қатынасы қалпына келтірілді.

Ветеринария қызметі дезинфекциялау мақсатында өлген үй жануарларын тауып, оны жою жұмыстарын жүргізуде.

Сондай-ақ, 2019 жылдың 27 маусымынан бастап Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық қызметі 155 адам мен 22 бірлік техника бойынша 41 учаскеде тексеру және дезинфекциялық жұмыстар жасалды.

Авторы: Алма Мұханова

Жоғары қарай