Ауа райы
Астана 35 °С
Алматы 35 °С
валюта бағамы
USD 383.43
EUR 432.47
RUB 6.12
CNY 55.78

Арыс қаласының тұрғындары эвакуациялық бекетте қалай тұрып жатыр

2019 жылдың 27 маусым 2019 09:33 915

АРЫС. ҚазАқпарат - Арыс қаласы тұрғындарының бір бөлігі 24 маусымда болған жарылыстан кейін көрші орналасқан Төреарық кентіндегі мектепке эвакуацияланды. Олардың қал-ахуалын ҚазАқпарат тілшісі біліп қайтты.

Орта мектептің ғимаратына кіреберіс жерде әскери палаткалар тігілген. Сондай-ақ, қақпа алдында кез келген сәтте көмек көрсетуге әзір жедел жәрдем көлігі тұр. Дәрігерлер әр 15 минутта егде жастағы адамдарды тексеріп, олардың қан қысымын өлшеп жатыр. Жергілікті органдардың дерегі бойынша, мектепте 112 адам бар.


«Қазіргі таңда 38 науқас біздің бақылауға алынды. Олардың жағдайы тұрақты. Бірінші күні барлық зардап шегушілерге қажетті көмектер көрсетіп, травматолог, психолог, терапевт, фельдшер және тағы басқа мамандарды тарттық. Адамдардың қан қысымы мен дене қызуы көтерілген», - деп мәлім етті жалпы тәжірибелік дәрігер Жасболат Қапалов.

Дәрігерлермен бірге қажетті көмектерді еріктілер көрсетіп жатыр. Олар Қызылорда облысынан 40 адам болып арнайы келген.

«Біздің арамызда мұғалімдер, студенттер, психологтар бар. Барлығымыз Арыс тұрғындарына көмек көрсету туралы шешім қабылдадық. Біз осы жерді жинастырып, ыдыс-аяқ жуамыз, заттар таратамыз, балаларға ойындар ұйымдастырамыз», - деді волонтерлардың бірі Жанарыс Бекбаев. 


Арыс тұрғындарының өзі барша қазақстандықтарға үлкен алғыстарын білдіруде. Оларға бес мезгіл тамақ, демалатын орындар, балаларға ойын аймақтары ұйымдастырылған.

«Бізді түрлі тағамдармен тамақтандырып жатыр. Палау, сорпа, қуырдақ, айран, сүт, тәттілер беріп жатыр. Тамақ түрлері өте көп», - дейді Елена Инютина.


Ол Арыста отбасымен бірге ұзақ уақыттан бері тұрып келе жатқанын айтты.

«Мұндай жағдай бізде бұрын болмаған. Бұл - бірінші рет. Қатты қорықтық. Таяу уақытта бәрі реттеліп, үйге қайтатынымызға үміттенеміз. Онда біздің малдарымыз, шаруашылықтарымыз қалды. Соларды уайымдап отырмыз. Бізге барлығын қалпына келтіру үшін көмектесуге уәде етті», - деді ол.


Мұнда егде жастағы адамдарға ғана емес, балаларға да көмек көрсетіліп жатыр. Олармен қазір тәжірибелі психологтар жұмыс істеуде.  

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Салдарынан үш адам қаза тапты  - Арыс тұрғыны мен екі әскери қызметші. 170-ке жуық адам зардап шекті.  20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды.


Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арыстағы жағдайға алаңдаушылық білдірді. Тұңғыш Президенттің төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп, онда Арыс қаласындағы ахуал талқыланды.


Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін айтты.   Келтірілген залалдың көлемі бағаланып, Үкімет резервінен ақша бөлінеді.

Эвакуациялау кезінде мыңнан астам ата-ана баларынан көз жазып қалды. Сәбилердің барлығы туыс-туғандарына дін-аман тапсырылды.

Факті бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қаладағы төтенше жағдай жолаушылар пойыздарының кестесіне де әсер етті, оның ішінде халықаралық пойыздар бар.

25 маусым, сағат 12.00-дегі жағдай бойынша әскери бөлім аумағында жарылыстар тоқтады.  Дегенмен, оқ-дәрілер сақталатын қоймалардың аумағында бықсыған оттың ошақтары байқалғандықтан, ҚР Ішкі істер министрлігі жарылыстардың қайталану қаупі сақталып отырғанын ескертті.

Осы уақытта ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-инженерлік қызметшілері Арыс қаласын минадан тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Снарядтардың дені тұрғын үй алқаптарына түскен.

Арыс тұрғындарына көмек қолын созу мақсатында елімізде «Арыс, біз біргеміз» акциясы бастау алды.

27 маусым, кешкі уақыттағы жағдай бойынша, Арыста өрт ошақтары толығымен сөндірілді. Бұл туралы журналистерге арналған брифингте мәлім етілді. Оған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер, еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин, прокуратура және ветеринария саласының өкілдері қатысты

«Қаладағы негізгі көшелер мен алаңдардың бәрі тексеріліп, тазаланды. Сапер мамандарымыз 500-дей снаряд қалдығы мен жарылғыш заттарды тауып, залалсыздандырды. Қорғаныс министрлігі тарапынан тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау бағытында тиісті шаралар атқарылуда. Енді біз қаладағы барлық үйдің ауласын толық тексереміз. Дәл қазір қалаға ешкімді кіргізе алмаймыз. Бұған тұрғындардың түсіністікпен қарауын өтінеміз. Арыстықтардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс», - деді Бақыт Құрманбаев.

Бас санитарлық дәрігер қалада радиацияның мөлшері қалыпты нормада екенін айтты. Қоғамдық орындар, қоқыс контейнерлері, нысандар толық тазаланып, дезинфекция жүргізіледі. Жарылған қоймада радиоактивті оқ-дәрілер болмағанын Қорғаныс министрлігі де мәлім етті. Қоймаларда болжаммен 30-50 жарылыс болды. Қорғаныс вице-министрі Тимур Дандыбаев стратегиялық арсенал неліктен Арыстағы тұрғын үй кешеніне жақын орналасқанын түсіндірді.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің сөзінше, арыстықтар үйлеріне  аптаның соңында орала алады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жоғары қарай