Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 414.46
EUR 451.35
RUB 5.77
CNY 58.12

Қаңтардан бері қару ұрлап келген әскери екі тапаншаны 120 мың теңгеден сатып үлгерген – ІІМ

2020 жылдың 25 ақпан 2020 11:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов Түркістан облысы әскери бөлімдегі қару-жарақ ұрлану фактісінің мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Белгілі бір уақыт бойы қару жымқыру фактісі орын алып келген. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратураның шұғыл тергеуі осы жағдайды анықтады. Ұрланған қару-жарақ тәркіленді. Барлық қару бірден қолды болмаған. Қаңтар айының соңынан ақпанның ортасына дейін ұрлық жасалып келген. Қару сақтау камерасына жолы ашық екенін пайдаланып, ол жасырын түрде әр жолы 1-2 қарудан жымқырып отырған. Ал автоматтарды ұрлаған кезде достарын, азаматтық тұлғаларды шақырған. Яғни, ұрланған қарудың негізгі бөлігі, автоматтар 19 ақпан күні шығарылған», – деді Санжар Әділов Үкімет отырысынан кейін тілшілерге.

Оның айтуынша, күдікті екі тапаншаны 120 мың теңгеден сатып үлгерген.

«Бұл жайды бірден анықтап, тәркіледік. Қалған қаруды ол достарының үйінде сақтап отырған. Лауазымды тұлғалар қаруды сақтамағаны үшін, уақтылы бақылау жүргізбей, қызметте салғырттық танытқаны үшін қылмыстық жауапқа тартылады. Яғни өздерінің фиункционалдық міндеттерін лайықты орындамаған. Дивизия командирі, жедел кезекші мен келісімшарт бойынша қатардағы жауынгер ұсталды. Қазір олар әскери қызмет атқару ережесін бұзғаны үшін, қару ұрлығына әкеп соққан салғырттығы үшін қамауда отыр», – деді ол.


Жоғары қарай