Ауа райы
Астана 32 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 411.54
EUR 458.13
RUB 5.84
CNY 57.64

«100 жаңа есімге» енген кәсіпкер жалғызбасты анаға баспана сыйлады

2020 жылдың 24 ақпан 2020 23:08

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Қазығұрт ауданының кәсіпкерлері жалғызбасты анаға баспана салып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір әкімдігіне сілтеме жасап.

Баспана тауқыметін тартқан жалғызбасты ана Айгүл Садықова үш баласымен бірге жылдар бойы ауылдағы ғимараттың бөлмесін жалдап келген. Жанұяға тұрақты қамқорлық көрсетіп келген Қазығұрт ауданының басшылығы оларға демеуші тауып берді. Жергілікті кәсіпкер қолында мүмкіндігі шектеулі бала бар А.Садықоваға 4 бөлмелі үй салып берді.

«Болашақ» мөлтек ауданында орналасқан жаңа үй жарықпен және табиғи газбен қамтылып, ауызсу тартылған. Өңірде қарқын алған «Қамқорлық» жобасы аясында Қазығұрт ауылының кәсіпкерлері жұмыссыз ананың жаңа қонысына үй-жиһаздарын тарту етіп, азық-түлік алып берді.




Басыбайлы баспана бұйырған отбасындағы балалардың қуанышында шек жоқ. Жылдар бойғы қиындықтан арылған жандардың айтар алғысы мол.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» қатарына шынайы ел патриоты ретінде енген Қазығұрт ауданының кәсіпкері Сырым Ертаев осыған дейін де бірнеше жерлесіне баспана сыйлап, жомарттығымен танылған. Үлгі болар ісімен алғыс арқалаған азамат жеке кәсібін дөңгелетіп, көптеген тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Түркістан облысында жүзеге асып жатқан «Қамқорлық» бағдарламасы өзіңде барды өзгемен бөлісу, мұқтаж, көңілі жарым жандарға қол ұшын беруді меңзейді. Қазығұрт ауданы бойынша 86 отбасына осы бағдарлама аясында жетекші бекітіліп, жан-жақты көмек көрсетілген. Ақ тілеулі азаматтар әлеуметтік жағдайы төмен жандарға тұрмысқа қажетті заттарын, көмір, отынын молынан үйлестіруде. Аталған шараға аудан, қала және ауыл әкімдіктері, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының белсенділері, мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер демеушілік жасап, атсалысып жатыр. Жалпы, облыс бойынша 2 мыңға жуық отбасына жоба аясында жан-жақты қамқорлық жасалмақ.





Жоғары қарай