Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 447.60
EUR 489.41
RUB 5.71
CNY 63.05

Боранда жүргізушілер қандай қауіпсіздік шараларын ұстануы керек

2020 жылдың 27 қаңтар 2020 14:13

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «QazAvtoJol» басшысы боран кезінде жолда жүріп келе жатқан көліктер қандай қауіпсіздік шараларын ұстануы керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде автокөлік жолдарының 95 учаскесі жабық болды, оның ішінде 61-і республикалық маңызда. Олар Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары аумағындағы жолдар. Сонымен қатар облыстық маңыздағы 34 жол учаскесі жабық болды. Өткен түнде жолдарда аса күрделі жағдай орын алды. Желдің күшеюі туралы ескерту жасалғанына қарамастан, жеңіл және жүк көліктерінің жолдарға шығуы жағдайлары байқалды», - деді Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, Щучинск пен Нұр-Сұлтан арасында автоколонналарды арнайы техникамен сүймелдеп шығарып салу кезінде қиын жағдай орын алған.

«Колоннаның ортасында жол-көлік оқиғасы болды, бұның салдарынан 100-ге тарта автокөлік тұрып қалды. Қар құрсауынан соқтығысқан көлікті алып шығу проблема тудырды», - деді спикер.

Оның атап өтуінше, боранға байланысты алты өңірде тәулік бойы қызмет ететін жедел штаб ұйымдастырылды. Оның құрамына тиісті органдар енді.

Өз кезегінде «QazAvtoJol» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов боран кезінде колоннамен жүрген кезде көліктер жылдамдық пен арақашықтықты сақтау керектігін атап өтті.

«Кеше біз екі жақтан колонна жіберген болатынбыз. Нұр-Сұлтаннан шыққан колонна Щучинскке дейін аман-есен жетті. Ал кері бағыттағы , яғни Щучинсктен елордаға бағыт алған колоннада қиындықтар болды. Үш көлікті тізгіндеген сабырсыз жүргізушілердің басқа көліктерді басып озу әрекеті салдарынан жол-көлік оқиғасы орын алды. Осы орайда 8 көлік соқтығысты. Бұдан кейін колонна екіге бөлініп қалды. Түні бойы осы көліктерді қар құрсауынан шығарып, таңға қарай Ақкөлге жеткіздік. Сондықтан арнайы техниканың көмегімен жүріп келе жатқан колоннада жылдамдық режімін сақтауға кеңес береміз. Себебі колонна сағатына 20-30 шақырым жылдамдықпен жүреді. Боран салдарынан автобанда немесе басқа да республикалық маңыздағы жолдардағы нысандар мүлдем көрінбей кетті», - деді Ұ. Әліпов.


Жоғары қарай