Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 447.67
EUR 491.36
RUB 5.74
CNY 63.07

Қызылордада коронавирустың алдын алу бағытында тиісті іс-шаралар қолға алынды

2020 жылдың 25 қаңтар 2020 14:51

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында коронавирустың алдын алу бағытында тиісті іс-шаралар жасалуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыр өңірінде бұл бағытта қажетті іс-шара жоспары жасалған. Қытайдан Қызылорда қаласына тікелей қатынайтын әуе рейстері жоқ. Дегенмен Қызылорда облысында Қытай азаматтары еңбек ететін компаниялар бар. Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мамандары аталған компаниялар мен көші-қон саласы бойынша тиісті органдарға осы мақсатта арнайы хат жолдады. Онда сақтық шараларын күшейту мәселесі жан-жақты айтылған.

Қызылордадан Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Қорғас» сауда орталығына қатынайтын жолаушылар да аз емес. Департамент мамандары оларды тасымалдайтын автобус иелеріне де сақтық шараларын сақтауға назар аударуды сұрайды. Сондай-ақ, департамент мамандары тарапынан ұшақтар экипажының құрамы, жолаушылар пойыздарының жолсеріктері, шекара және кеден қызметкерлері де тыс қалған жоқ. Олардың барлығына тиісті түсіндірме жұмыстары жасалды.

«Біз кейбір компаниялардан Қытайға іссапарға шығу туралы жоспарын шектей тұруды сұраймыз. Ол жақтан келген азаматтар болса бізге ақпарат беруге өтініш білдіреміз. Оларды дер кезінде есепке алып, медициналық бақылау жүргізуді назарда ұстаймыз. Осы мақсатта тиісті орындар мен компанияларға қатынас хаттар жолданды. Департамент тепловизормен қашықтықта дене қызуын өлшеу мүмкіндігі бар арнайы құралмен қамтамасыз етілген. Бұл бағытта әуежайда жұмыстар жүргізіп жатырмыз», - деді Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Әлия Ыдырысова.


Жоғары қарай