Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 447.60
EUR 489.41
RUB 5.71
CNY 63.05

Президенттік кадр резерві жеңімпаздарына білімдерін дәлелдейтін сәт келді – Дәурен Абаев

2020 жылдың 16 қаңтар 2020 23:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Президенттік кадр резерві қатысушыларымен қалай кездескенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шын мәнінде нағыз үздік іріктеу болды деп айта аламын. Өтінім берген 13 мың адамның арасынан үздік 300 адам таңдалды. Мұндай көрсеткіш Президент бастамасының жастар арасында сұранысқа ие екенін көрсетті. Бірақ, бұл – әлі бастамасы ғана. Енді бұл қатысушылар «нағыз майданда» өз білімдерін дәлелдеуі тиіс. Менің білуімше, 55 адам жаңа қызметке тағайындалды, жыл соңына дейін тағы жүзге жуық қатысушы түрлі қызметке тартылады», - деді инистр «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министрдің айтуынша, мемлекет мұндай қадаммен кадрлық жетіспеушілікті толтырып жатқан жоқ, жастар үшін тиімді әлеуметтік лифт қалыптастыруды көздеп отыр.

«Бұл – мемлекеттік басқару жүйесіндегі құрылымдық өзгерістер мен жаңғыртулардың нақты жолбасшысы. Президентпен кездесуден кейін менің әріптестерім кадр резервінің мүшелерін өз бейіндері бойынша қабылдады. Мен де министрлігіміздің бейінімен байланысты қатысушылармен кездестім. Біздің әңгімеміз өте байсалды болды. Мен ынта-ықыласы зор, шығармашылық ойлары бар қарапайым жастарды көрдім. Бұл балаларды өз қатарымызға қосуды жоспарлап отырмыз», - деді Д. Абаев.

Айта кетейік, күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Президенттің кадр резервіне енген 300 жаспен кездескен еді.

2019 жылы ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік кадр резерві құрылатынын мәлімдеді. Ал сол жылдың тамыз айының соңында Қ.Тоқаевтың Жарлығымен ҚР Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Қыркүйек айында Президенттің жастар кадр резервіне өтінім қабылдау басталды.

Бүгінде Президенттің жастар кадр резервіне енген 300 қазақстандық анықталған. Жеңімпаздардың орташа жасы - 31.

Жоба жеңімпаздарының толық тізімін Президенттік жастар кадр резервінің ресми сайтынан көруге болады.


Жоғары қарай