Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 432.55
EUR 470.83
RUB 5.84
CNY 61.31

Студенттерге волонтерлік қызметтің әр сағаты үшін 1 мың теңгеден төленеді

2019 жылдың 13 желтоқсан 2019 16:04

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет Қазақстанда волонтерлікті қолдау бағытындағы ауқымды жұмыстардың жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Волонтерлер жылына байланысты жалпы еріктілер жұмысына деген қызығушылықты арттыру жоспарланған. Біршама ұсыныс та түсіп жатыр. Атап айтқанда, биыл «Әлеуметтік студенттік несие» атты жобасын бастадық. Ол бойынша студент жастарға волонтерлік қызметтің әр сағаты үшін 1 000 теңгеден төленеді. Олар осы соманы оқу қажеттілігіне жұмсап, базалық шығындарын өтей алады», - деді Мадияр Қожахмет ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, волонтерлік қызметтің әр сағаты үшін төленетін қаражат республикалық бюджетке енгізіліп қойған.

«Оператор – Білім және ғылым министрлігі. Qazvolunteer.kz сайты бар. Аталған сайтта волонтерлік қызмет көрсетуге ниеті бар жастар тіркеледі. Қазір ЖОО студенттері тіркеліп жатыр. Бірақ, келесі жылы процесске колледж студенттері де тартылар деген үміттеміз», - деді ол.

Комитет төрағасының айтуына қарағанда, бұдан бұрын айтылғандай, волонтерлік қызмет мерзімін еңбек кітапшасына енгізу жұмысы да пысықталу үстінде.

«Бұл – Еуропа елдерінде кеңінен таралған тәжірибе. Дамыған елдерде белсенді волонтерлік қызмет – қосымша басымдыққа ие. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы өз сөзінде волонтерлікті дамытудың жеті бағытын атаған еді. Осы бағыттар аясында арнайы жобалар жасалады. Мәселен, «Қамқорлық» жобасы аясында Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында волонтерлерді ескерткіштерді қалпына келтіру ісіне тарту көзделген. Бұған қоса архивтерді цифрландыру ісінің маңызы алға шықты. Бұл бағытта да волонтерлер тобы жасақталады», - деді ол.

Мадияр Қожахмет өз сөзінде ресейлік мамандардың қатысуымен волонтерліктің халықаралық кеңесі құрылғанын айтып өтті.

«Жұмыс бағыттарын айқындап алу үшін ресейлік әріптестермен ауқымды үш кездесу ұйымдастырмақпыз. Осыдан 2 жыл бұрын Ресейде «Еріктілер жылы» өткен болатын», - деді ол.

Еске сала кетсек, Жастар жылының жабылу және Волонтер жылының ашылу салтанатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлік жұмыстардың негізгі бағыттарын атаған болатын. Өз кезегінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Қазақстан өңірлерінде волонтерлікті қолдауға арналған орталықтар ашылатынын хабарлаған еді.

Жоғары қарай