Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 375.87
EUR 406.24
RUB 5.84
CNY 53.45

Ақтөбе облысында киік атқан браконьерлер ұсталды

2019 жылдың 6 желтоқсан 2019 15:38

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында киік атқан браконьерлер ұсталды. Бұл жайында Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«5 желтоқсан күні сағат 15:45 шамасында «Охотзоопром» ӨБ» РМКК Ақтөбе өңірлік филиалының инспекторлары Ақтөбе облысының Шалқар ауданы аумағында рейд жүргізу барысында Toyota Land Cruiser 100 маркалы автокөлікті байқаған. Инспекторлар көлік ізіне түскеннен кейін күдіктілер заңсыз аңшылық айғақтарын жасыру үшін көлікті өртеп жіберген. Осыдан кейін Қызылорда облысының екі тұрғыны ұсталды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, күдіктілер киікті заңсыз аулаумен айналысып жүргенін мойындаған. Көлік салонында атып алынған екі киіктің тұтас еті, 12 калибрлі екі мылтық, пышақ, канистрдегі бензин, шамамен 50 оқ-дәрі болған.

«Қазіргі уақытта Шалқар аудандық полиция бөлімінің жедел тергеу тобы оқиға орнын тексеріп жатыр. Аталған факті Ақтөбе облыстық полиция департаменті Шалқар аудандық полиция бөлімінде 5 желтоқсан күні тіркелген», - деді Сәкен Ділдахмет.

Фото: facebook.com/s.dildakhmet

Жоғары қарай