Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 386.19
EUR 427.71
RUB 6.07
CNY 54.87

Радек Вондрачек: Қазақстан мен Чехия арасында шешілмеген мәселе жоқ

2019 жылдың 18 қазан 2019 15:49

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Чехия Парламенті Депутаттар палатасының төрағасы Радек Вондрачек «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында таяуда елордада өткен Еуразия елдері Парламенттері спикерлерінің 4-кеңесі, Қазақстан мен Чехия арасындағы ынтымақтастықты дамыту, екі елдің жалпы бизнес ахуалы мен туристік әлеуетін дамыту, сонымен қатар аталған кеңестің маңыздылығы жайында сөз қозғады.

- Вондрачек мырза, бүгінде Қазақстан мен Чехия арасындағы ынтымақтастық қандай бағытта дамып келеді?

- Қазақстан мен Чех Республикасы арасындағы өзара қарым-қатынас стандарттан да жоғары жақсы десек болады. Бізде ашық шешілмеген ешқандай мәселе жоқ. Сондықтан біздің қарым-қатынасымыз өте жақсы дамып келеді. Дәл осы жайтқа орай елдеріміз, парламентарийлеріміз арасындағы жақсы өзара қарым-қатынасты нақтылау үшін елдеріңізге келдім. Бұған қоса, жақсы досым Нұрлан Нығматулинмен жолықтым. Өз кезегінде өткен жылы Мәжіліс спикері Чех Республикасына сапармен келгенін атап өткім келеді.

- Нұр-Сұлтанға сапарыңыздың мақсатын айтып берсеңіз және ресми сапарыңыз барысында қазақстандық тараппен қандай мәселелерді талқыладыңыз?

- Бұл сауалыңызға жауапты екі бөліп берсем деймін. Біріншіден, бұл шындығында, саяси мақсат. Біз Қазақстанмен ынтымақтасқымыз келеді.

Екі ел де сауда соғыстарына, протекционизмге, қандай да бір санкциялар немесе шектеулер енгізуге қарсы шығады. Осы тұрғыдан алғанда біздің елдеріміз одақтас саналады. Сонымен қатар біз қазақстандық әріптестерімізден Парламенттер мен нақты парламентарийлер арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету мәселелерін талқыладық.

Сапарымның екінші мақсаты – бизнес саласындағы қатынастарды нығайту. Чех кәсіпкерлерінің сансыз делегациясын ілестіріп келдім. Чехия бизнесмендері бұл сапарға айрықша қызығушылық танытты. Осылайша, Нұр-Сұлтанда бизнес форум өтіп, оның аясында чех кәсіпкерлері түрлі бағыттарда өздеріне серіктес іздеді. Олардың келіссөздерді қаншалықты табысты өткізе алғанын әзірше білмеймін. Дегенмен, кейбіреулерінің сәтті өткеніне және олар серіктес тапқандығына сенімім мол.

Елдеріміздің арасындағы өзара экономикалық ынтымақтастық үнемі артып келеді. Айталық, осы жылы өзара тауар айналымы 1 млрд доллардан асып жығылмақ.




- Дәл қазіргі уақытта чех бизнесі Қазақстанда қаншалықты белсенді жұмыс істеп жатыр?

- Сіздердің елдеріңізде барынша жан-жақты бағыттағы алуан түрлі компаниялардың өкілдері жұмыс істейді. Мәселен, логистика мен көлік саласында. Өнеркәсіп саласына керекті түрлі сорғыларды жеткізумен айналысатын компаниялар да бар.

Менімен бірге ерекше делегация келді. Олар - чех шипажайларының иелері. Чехияда демалыс үйлері мен пансионаттар қазақстандық туристер арасында айрықша танымалдыққа ие болып отыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин қазақстандықтардың Карловы Варыға барғанды жақсы көретіндігін растады.

- Туризм жайында сөз қозғағаннан кейін өзіңізден чех туристерін Қазақстанға келу үшін қалай қызықтыруға болатындығын білсек...

- Әзірше сіздердің астаналарыңыз – Нұр-Сұлтан қаласында ғана болдым. Бірақ, қазірдің өзінде Қазақстанның табиғаты керемет екендігіне сенімім мол. Чех туристері табиғатты өте жоғары бағалайды. Меніңше, бұл бағытта туристік байланыстарды дамыту, Қазақстанға келетін чех туристерінің санын арттыру үшін үлкен мүмкіншілік бар деп ойлаймын. Әрине, бұған әзірше тек жаз айларында ғана ұшып жүрген тікелей рейстер де септігін тигізе алады. Бірақ, бұл да Қазақстан мен Чех Республикасы арасында тікелей байланыс орнатудың тамаша мүмкіндігі.

- Таяуда Нұр-Сұлтанда Еуразия елдері Парламенттері спикерлерінің 4-кеңесі өтті. Осынау үлкен парламентаралық саммитке сіздің мемлекетіңізден Депутаттар палатасының вице-спикері Войтех Филип қатысып, сөз сөйлеуі барысында парламентаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өткен болатын. Осы орайда сіз аталған шараға қандай баға берер едіңіз?

- Кеңеске қатыса алмағаныма қатты өкінемін. Бұл кездесуге өзім келіп қатысуға ниет танытқан болатынмын. Оны жоспарлап, шын мәнінде осында келгім келген еді. Бірақ, сол сәтте Парламентімізде өте маңызды дауыс беру жүріп жатты және мен ұшып кете алмадым. Себебі менің дауысым шешуші болатын. Дегенмен, біздің Парламент төрағасының орынбасарынан ғана емес, сонымен бірге өзге де парламент өкілдерінен өте жақсы әрі оң пікірлер естідім. Осы аптаның басында Парламенттердің 60 спикері қатысқан Белградтағы парламентаралық отырысқа қатысқан едім. Олардың барлығы да Нұр-Сұлтандағы кездесу жайында өте жақсы пікірлерін білдіріп жатыр.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Жоғары қарай