Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 385.76
EUR 427.89
RUB 6.04
CNY 54.79

Аружан Саин қазақша білмейді деп атқарған жұмысына қара күйе жағуға болмайды - Абаев

2019 жылдың 14 қазан 2019 12:12

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Аружан Саин қазақ тілін дұрыс білмейді деп атқарған жұмысына қара күйе жаға салуға болмайды. Бұл туралы «Qazaqstan» телеарнасының «Kózqaras» бағдарламасына сұхбат берген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сұхбат барысында бағдарлама тізгіншісі министрден қазақтілді спикер табу - қазақтілді журналистер үшін қиын шаруа екендігін айтып, осыған орай не істеу керектігін сұраған еді.

«Сұрау керек, талап ету керек. Әрине, әрбір мемлекеттік органның баспасөз қызметі жұмысын сапалы жүргізуі тиіс. Ақпаратты қазақ тілінде алу, сұрау - журналистердің емес, қоғамның, уақыттың талабы. Қоғам, өздеріңіз де жақсы білесіздер, қазақыланып келе жатыр. Сондықтан да мемлекеттік органдар осыны түсінуі қажет. Бірақ журналистер де мәселенің байыбына баруы керек. Әйтеуір сұрау керек екен деп ойына келген сұрақты қоя салуға болмайды. Қисынды, орынды, ең бастысы - қоғамға қажетті деген сауатты сауал болуы тиіс», - деді министр.

Оның айтуынша, сұрақ ұтымды, қоғамның көкейінде жүрген болса, қандай тілде қойылса да, көрерменге жетеді.

«Біздің әріптестер осыны да ескеруі керек деп ойлаймын. Екіншіден, біз де тіл мәселесін қолдан ушықтыра бермеуіміз керек. Мысалы, сюжеттен Аружан Саинды көрдік. Ол қазақ тілін білмейтін шығар. Бірақ біздің қазақ балаларының мүддесін қорғап, көмектесіп жүр. Менің ойымша, Аружан Саин қолдап, қорғап жүрген балалардың біреуі мүмкін келешекте қазақ тілінің байлығы мен көркемдігін дүние жүзіне танытатын жазушы болатын шығар. Кім біледі? Сондықтан Аружан Саин қазақ тілін дұрыс білмейді екен деп оның атқарып отырған барлық жұмысын жоққа шығарып, қара күйе жаға салу қаншалықты қисынды? Осындай дүниелерден сақ болуымыз керек», - деді Дәурен Абаев.

Жоғары қарай