Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 376.84
EUR 407.97
RUB 5.91
CNY 53.80

ҚХЛ: «Барыс» төртінші ойын қатарынан жеңіске жетті

2019 жылдың 11 қазан 2019 20:47

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуінде Новосібірдің «Сибирь» командасын жеңді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы ойындарда «Барыс» жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді. Бүгінге дейін барлығы 14 ойын өткізіп үлгерді. Қуанарлығы, 10 кездесуде қазақстандық клуб жеңіске жетсе, қалған төртеуінде қарсыласына есе жіберіп қойды.

«Сибирь» командасы да турнир кестесінде алдыңғы лекте келеді. Сегіз ойында қарсыласынан басым түссе, қалғанында жеңіліске ұшырады.

Сондықтан бүгінгі кездесу тартысты өтетіні белгілі еді. Алғашқы кезеңде қос команда бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Екінші кезеңнің 37-минутында «Барыс» хоккейшісі Корбан Найт мергендік танытты. Ал 42-минутта Аркадий Шестаков есепті ұлғайта түсті. Осылайша қазақстандық клуб 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Бұдан бұрын елордалық клуб сырт айдында «Салават Юлаевты» тізе бүктірген еді. «Барыс» соңғы сегіз кездесудің жетеуінде жеңіске жетіп отыр. Осылайша турнир кестесінде жағдайын жақсарта түсті. Бұдан бұрын жалпы турнир кестесінде елордалық клуб алтыншы орында келе жатқан болатын. Енді олар төртінші орынға көтерілді. Сондай-ақ, шығыс конференциясында үздік үштікті түйіндесе, Чернышев дивизионында көш басына шықты.

Енді «Барыс» елордада үш ойын қатарынан қарсыластарын қабылдайды. Олар 14 қазанда Владивостоктың «Адмиралын» қабылдаса, 16 қазанда Латвияның «Динамо» (Рига), 20 қазанда Подольскінің «Витязь» клубтарымен мұз айдынға шығады.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай