Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 386.30
EUR 428.14
RUB 6.08
CNY 54.87

Шетелдік және қазақстандық жұмысшыларға екі түрлі ақы төленіп келген – Абаев

2019 жылдың 3 қазан 2019 21:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қазақстандық кәсіпорындарға жүргізілген тексеру нәтижелерін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін Президент қазақстандық жұмысшыларды кемсіту мәселесін назарға алуды тапсырған еді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп, шетелдік еңбек күшін пайдаланатын кәсіпорындарды тексерген.

«Әзірге елуге жуық кәсіпорынға тексеру жүргізілді. Онда жүздеген еңбек және көші-қон заңнамаларының бұзылу фактілері анықталды. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігі – еңбекақы мен сыйақы төлеудегі қазақстандық және шетелдік жұмысшылар арасындағы теңсіздік. Одан бөлек, министрлік еңбек мәселелері бойынша заң жобасын әзірледі. Онда жұмыс берушілер қызметкерлеріне теңдей жағдай жасауға міндеттелген», - деп түсіндірді Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Сонымен бірге, министр шетелдіктерге жер сатылмайтынын тағы да еске салды.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы жеріміздің шетелдіктерге сатылмайтынын нақты айтты. Біз де барынша түсіндірдік. Енді бұл жер ресурстарын тиімді пайдалануымыз керек. Осы тапсырма аясында өңірлерде жер ресурстарына аудит жүргізу жұмыстары басталды», - деді Д. Абаев.

Өткен айда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары болған Жеңіс Қасымбек (бүгінде Қарағанды облысының әкімі) қазақстандықтар мен шетелдіктердің жалақысын теңестіру жұмыстарын түсіндірген еді. Оның айтуынша, ең алдымен қазақстандық жұмысшылардың біліктілігін көтеру қажет және шетелдік кәсіпорындарға қазақстандық қызметкерлерді оқыту міндеттеледі.

Жоғары қарай