Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

ҚР Мәдениет вице-министрі Трамптың ұлын қонақ қылған қазақ кәсіпкерімен кездесті

2019 жылдың 3 қазан 2019 18:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев моңғолиялық кәсіпкер Жандос Қоңтарбаймен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған министрлік мәліметінше, «Kazakh Tourism» ҰК АҚ шақыруымен арнайы келген моңғолиялық кәсіпкермен кездесу барысында Қазақстанда этно және экотуризмді дамыту жолдары талқыланды. Саланың қыр-сырына қанық кәсіпкер өзінің жұмыс тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін білдірді. Атап айтқанда, қоршаған ортаға зиян келтірмей, аңшылық-саятшылық туризмді жолға қоюдың заңдық-құқықтық тетіктеріне кеңінен тоқталды.

Жалпы, төрт жылдың ішінде өз ісін өрбіткен Жандос Қоңтарбайдың айтуынша, шетелдік туристердің елімізге деген қызығушылығы жоғары. Осыған орай, қандас кәсіпкер этнотуризмді дамыту бойынша бірлесе қызмет атқаруды ұсынып отыр. Өз кезегінде, Мәдениет және спорт вице-министрі елдегі ішкі және сыртқы туризмді дамытуға Үкімет тарапынан үлкен мән беріліп жатқанын атап өтті. Өркен Серікқалиұлы кәсіпкерге алғысын білдіре отырып, Баян-Өлгейде жолға қойылған тәжірибенің тиімді тұстарын елімізге енгізу мақсатында тиісті қолдау көрсетуге әзір екендігін білдірді.

Кездесу соңында тараптар алдағы уақытта бас қосып, Қазақстанға туристерді тартудың нақты тетіктерін белгілеуге уәделесті. Оған дейін Жандос Қоңтарбай Қазақстандағы этнотуризмді дамытуға қолайлы аймақтарды бағамдап, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізетін болып шешілді.

Қазіргі таңда этнотуризмнің білікті маманына айналған Жандос Қоңтарбай атамекенінде де осы саланы дамытуға атсалыспақ ниетте.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында ауыл-аймақта эко және этнотуризмді дамытуды тапсырған болатын. Әсіресе, ауылдағы ағайынға туризмді кәсіп көзі ретінде қарастыруды ескертті. Жер жүзін шарлайтын саяхатшыларды еліміздің тұмса табиғаты мен бай мәдени мұрасы ерекше қызықтыратыны белгілі. Сол себепті, туристерге сапалы сервистік қызметті ұсына отырып, жер-жаһанға еліміздің туристік әлеуетін ілгерілетудің маңызы зор. Сонымен қатар, ұлан байтақ жеріміздегі ішкі туризді дамыту да қазынаға қаржы тартудың бірден–бір жолы саналады», - деді министрліктен.

Естеріңізге сала кетсек, АҚШ Президентінің ұлы кіші Дональд Трамп Моңғолияда қазақ киіз үйіне қонып, демалысын өткізіп қайтқанын Instagram-дағы парақшасында жазған еді. Сондай-ақ Кіші Дональд Трамппен бірге түскен фотосуреттерді жүктеген Жандос Қоңтарбай Ақат есімді Моңғолия қазағы америкалық меймандардың саяхат кезінде бақташылардың үлкен тобына барып, көшпелі өмірмен танысқанын атап өткен болатын.

Жоғары қарай