Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 376.84
EUR 407.97
RUB 5.91
CNY 53.80

Маңғыстаулық кәсіпкер био-ауланы дамытып отыр

2019 жылдың 1 қазан 2019 22:30

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Фермер Руслан Жинкин халықаралық инвесторлар апталығына келіп, Ресей шаруаларының кәсібі туралы тың ақпарат алғанын айтты, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Өңірге етене таныс Руслан Жинкин Өмірзақ ауылында саңырауқұлақ өсіреді. Оны жертөледе жасанды жолмен өсіріп, өңірді өз өнімімен қамтиды. 4 адамды еңбекпен қамтып отыр. Ерекше тәсілді меңгерген өмірзақтық кәсіпкер мұнымен шектеліп қалған жоқ. Ешкі бағып, сүтін сауады. Нан пісіріп, дүкендерге жеткізеді. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін мемлекеттен қаржылай қолдау алған. Қазір ісінің өрге басқанына қарамастан, түрлі бизнес өкілдерінің кездесулері мен кәсіптік сауат ашу шараларынан қалмайтынын жеткізді. Сондықтан инвесторлар форумынан сенімді әріптес пен тың әдіс үйренемін деп көздейді.




«Мен ешкі сүтін сатамын, нан пісіремін. Оны дүкендерге тасмалдаймын. Мына апталыққа тәжірибесі бар мамандар келіп, инвестиция тарту, қаржылық есептеу сияқты айтып жатыр. Мысалы, Ресей шаруаларының еңбектері кеңінен түсіндірілді. Олар да үлкен нан пісіретін орындар бар. Міне, үлкен кәсібі барлар мен кіші орны бар бизнесмендер қалай әріптестік орната алады. Өте ұнады»,-дейді апталыққа қатысқан кәсіпкер.

Руслан Жинкин саңырауқұлақты қолдан өсіру тәсілін алғаш ғаламтордан көріп, 3 жыл бойы зерттеген. Тиімділігі мен шығынын есептеп, істі бастап кеткен. Жертөлеге саңырауқұлақ өсіру үшін ауа тазартқыш жабдық орнатылған. Ол біркелкі оттегі бөледі. Ылғал 80 пайыздан аспау керек. Өнім күн сайын ертеңгі және кешкі уақытта суарылады.




«Өнім экологиялық таза, өте пайдалы. Жертөледе 2 тонна қалып бар. Одан 800 келі саңырауқұлақ шығады», - дейді ол.

Кәсіпкер бұл қала тұрғындары үшін жеткілікті деп пікірін білдірді.

Сондай-ақ, Руслан Жинкиннің қорасында 30 ешкісі бар. Сүтті төлдің өнімін сатылымға шығарады. Емдік қасиеті мол. Сондықтан сұраныс та көп. Бұдан бөлек ескі технология бойынша тандыр нан пісіріп, тәулігіне облыс орталығындағы дүкендерге 250-ін жеткізеді. Ауыл тұрғыны мұнымен де шектеліп қалмай жылыжай салуды жоспарлап отыр. Шағын ғана шаруашылығын тұрғындарға тамашалауға болатындай етіп ыңғайлаған.




«Менде туристік орын деп айтуға болады. Менің аулама қызығып, көршілерім келе бастады. Кейін келе ауылдастарым да келді. Сондықтан ойыма ауламды үлкен туристік орынға айналдырсам деген ой келді. Био-ауыл деген бар Еуропада. Міне, соған қарай келе жатырмын. ТМД-да жоқ сияқты био-ауыл. Бірақ қазіргі жағдайымызды био-аула десем болады. Жалпы, Астана қаржы орталығы мамандарынан кеңес алуға келдім. Мүмкін тағы да шаруа көздерін табуға болатын шығар»,-дейді Руслан Жинкин.




Еске сала кетейік, Ақтауда халықаралық инвесторлар апталығы өткен болатын. Шараға 50-ден астам жергілікті кәсіпкерлер мен «Астана» қаржы орталығының бір топ өкілдері қатысты.
Жоғары қарай