Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Сейіт Әли Авджу: Интеграция – мемлекеттер арасындағы сауда кедергілерін ысыру

2019 жылдың 26 қыркүйек 2019 19:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Л.Гумилев атындағы ЕҰУ интернационализация және имидж орталығының директоры, профессор Сейіт Әли Авджу әлемдік интеграциялық процестер тенденциясы жайлы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы отыз жыл ішінде әлемде параллель сипатта екі үдеріс қатар жүрді. Біріншісі - жаһандану, екіншісі - аймақтандыру. Жаһандану үдерісі - бұл тауарлардың, адамдардың және жаңа идеялардың қозғалысы екенін жақсы білеміз. Технологияның жетілуіне, тасымалдау мүмкіндіктерінің артуына байланысты бұл үрдіс бұрынғыдан бетер жылдам жүрді. Сонымен бірге әлемде аймақтандыру да жүріп жатыр. Ол әлемнің басқа аймақтарымен салыстырғанда күшті болу үшін экономикалық, саяси және қорғаныс мәселелері бойынша бір-біріне жақын елдердің топтасуын білдіреді. Халықаралық және әлеуметтік ғылымдарда аймақтандыру деген жаһанданудың нәтижесі ме, әлде жаһандану процесіне жауап ретіндегі реакция ма деген сұрақ көп талқыланады», - деді Сейіт Әли Авжу Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Әлемдік интеграциялық процестер тенденциясы: сын-тегеуріндер және мүмкіндіктер» атты халықаралық ғылыми конференцияда.

Оның айтуынша, интеграция дегеніміз - мемлекеттер арасындағы сауда кедергілерін жою, сонымен қатар елдердің салық-экономикалық саясатын бір-біріне жақындастыру және сайып келгенде, саяси интеграцияға қол жеткізу.

«Өздеріңіз білетіндей, интеграцияның бірнеше кезеңі бар. Еуропалық Одақ соңғы сатыға жетті. Біздің аймағымыздағы интеграциялық процестер - бұл әлі де экономикалық одақтың сатысында тұрған Еуразиялық экономикалық одақ», - деп толықтырды ол.

Оның пікіріне құлақ ассақ, Ресей өзіне жақын аймақтарда ықпалын күшейтіп, алдымен Кеден одағын, содан кейін 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақты құрды. Бұл экономикалық одақтың құрамында қазіргі уақытта бес мүше ел бар.

«Әйтсе де, экономикалық одақ ішінде интеграция мәселелеріне келгенде проблемалар болды. Сарапшылардың кейбірі оны тіпті дағдарыс деп те атайды. Оған негізінен Ресей мен Батыс елдері аралығындағы текетірес, одан бөлек санкциялар себеп болды деуге болады. Бұл айналып келгенде Ресейдің аймақтағы басқа елдердің алдындағы уәделері мен міндеттемелерін орындай алмауына әкелуі мүмкін. Мәселен, Ресей мұнай мен газ секілді тауар бағасының аздығын ескере келе Қырғызстанда дамба құрылысын жүргізу жобасын жүргізбейтін болып шешті», - деді Сейіт Әли Авджу.

Екінші жағынан басқа процестерге қарағанда әлдеқайда жылдам жүретін өзге де процестер бар. Оған мысал ретінде сарапшы «Бір белдеу - бір жол» бастамасын атап өтті.

«Бұл классикалық тұрғыдан интеграцияның тағы бір тәсілі. Бұл бастаманың ешқандай экономикалық немесе саяси жоспары жоқ. Бұл Қытай мен көрші елдер арасындағы екіжақты келісім. Қазақстан, әрине, бұл екі процестің де қатысушысы. ЕАЭО мен «Бір белдеу- бір жол» бастамасы бір-бірімен үйлесім тауып келеді. Өйткені, Ресей мен Қытай арасындағы қарым-қатынас бұрын дәл бұлай жақсы болмаған. Батыс саясаты ақыры Ресей мен Қытайды жақындастырып жіберді. Тағы бір интеграциялық үдеріс - бұл Ресей мен Қытайдың бастамасымен құрылған Шанхай Қауіпсіздік Ұйымы. Ол да өз жұмысын жақсартады. Осының бәрі және әлемдегі басқа да интеграциялық процестер Еуропалық Одақтың дағдарыста отырғанын көрсетеді. Бұған босқындар мәселесі барын қосуға тағы болады», - деп қорытындылады Еуразия ұлттық университеті делегациясының басшысы.

Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Білім, Ғылым, ЖОО-лар,
Жоғары қарай