Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Жеңіс Қасымбек Теміртаудағы жылыту маусымына дайындық деңгейін тексеріп қайтты

2019 жылдың 26 қыркүйек 2019 12:49

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Теміртау қаласына жұмыс сапары барысында шаһардың алдағы жылыту маусымына дайындығын тексеріп қайтты. Облыс басшысын сондай-ақ жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысына қатысты мәселелер де қызықтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі таңда Теміртауда 1 163 көпқабатты үйдің 947-і жылу беру маусымына толық дайындық актісін алды. Алдағы күндері тағы 20 үй құжат алады.




Қысқа дайындық кесте бойынша жүріп жатқандығына көз жеткізу үшін Жеңіс Қасымбек Қарағанды ГРЭС– 1-де болып қайтты. Биыл кәсіпорын 600 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бұл ақшаға үш қазандық, екі турбоагрегат, бу құбыры мен құбырлар, крандар мен қосалқы конструкциялар ретке келтірілді. Өңір басшысы жөндеу жұмыстарына жұмсалған соманы жеткіліксіз деп санады. Ол электр стансасының басшыларына инвестициялық саясатты қайта қарауға кеңес берді. Сондай-ақ, жаңа жабдықтарды сатып алуға және қолда бар жабдықтарды жөндеуге көмек көрсету нұсқаларын ойластыруға уәде берді.




Теміртау ЖЭО-2-де облыс әкіміне жылу беру маусымына дайындық туралы баяндалды. Мұнда № 5 және 6 қазандықтарда күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, №4 қазандықтың бітеу арматурасы мен қызу беті ауыстырылды, №3 турбина ретке келтірілді. Кейбір нысандарда жөндеу әлі жалғасуда. Биыл кәсіпорында жаңа, жетінші қазандықты монтаждауға кіріседі. Ол үшін іргетас дайын. Бұл Теміртаудағы жылу тапшылығының көп жылғы проблемасын шешуге мүмкіндік береді.




Өңір басшысы қаланың жылу маусымына дайындығын жеке бақылауда ұстауға уәде берді.

Жеңіс Қасымбек сонымен қатар қала кәсіпорындарының басшыларымен кеңес өткізді. Онда жаңғырту, тарифтер, қызметкерлердің жалақысын арттыру және басқа да мәселелер талқыланды. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының бас директоры Парамжит Калон металлургиялық комбинатты газға көшіруді ұсынды. Оның айтуынша, осылайша өндіріс арзан әрі экологиялық болады. Ол үшін Қазақстан Үкіметі, «АрселоМиттал Теміртау» және Еуропалық Қайта Құру және даму банкі арасында шарт жасасу қажет. Кәсіпорынның толық жұмыс істеуі үшін күніне миллион текше метрге дейін газ қажет болады.




«Бұл өте қызықты ұсыныс. Сіз сұраған көлем өте үлкен. Бізге нақты есептер қажет. Бұл қауіпсіздік пен экологияны және жаңғыртуды қозғайтын маңызды мәселелердің бірі», - деп жауап берді Жеңіс Қасымбек.




Өңір басшысы кәсіпорын басшыларына қызметкерлердің жалақысын көтерудің маңыздылығы мен медициналық сақтандыру қорына міндетті аударымдардың қажеттілігі туралы еске салды.

Жұмыс сапары барысында Жеңіс Қасымбек сондай-ақ болашақ дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен жаңа емханада болды. Бұл нысандар Елбасының тапсырмасы бойынша «АрселорМиттал Теміртау» қаржысы есебінен салынады.




Емхананы осы жылдың қараша айында тапсыруға уәде берді. Мұнда 20 мың адамға қызмет көрсетілетін болады. Мердігерлер жаңа нысанның қабырғаларын көтеріп, терезелер мен есіктерді орната бастады. Жақын арада олар ғимараттың сыртын қаптауға және ішкі әрлеу жұмыстарына кіріседі, коммуникациялар мен аумақты абаттандыру басталады.




320 орындық көрермендер залы бар дене шынықтыру –сауықтыру кешені келесі жылы ашылады. Қазір ол үшін іргетас төселіп, металл конструкциялары құрастырылуда.




Жоғары қарай