Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 385.55
EUR 426.57
RUB 6.05
CNY 54.77

Ташкентте Өзбекcтандағы іскер қазақтарға арналған бизнес-форум өтті

2019 жылдың 17 қыркүйек 2019 10:56

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Ташкентте Өзбекстанда тұратын іскер отандастарға арналған бизнес-форум өтті. Іс-шара «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы және Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Елшілігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығының қолдауымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бизнес-форумның негізгі мақсаты – Өзбекстандағы қазақ диаспорасы өкілдерімен іскерлік қарым-қатынас орнату. Өзбекстандағы іскер отандастарды алдымен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков құттықтады. Ол екі ел арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан бауырластықты одан әрі нығайту үшін іскерлік байланыстарды күшейту керектігін атап өтті. Сондай-ақ Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен Отандастар қоры қызметтерінің негізгі бағыттарын, шетелдегі диаспорамен жұмыс істеу жөніндегі негізгі жобаларға тоқталды.

Ал Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсенов аталған елдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің экономикалық мүмкіндіктері жайында сөз қозғады. Орталық басшысы, сондай-ақ іскер қандастардың негізгі кәсіп салаларын және Қазақстанмен іскерлік байланысты нығайту үшін алдымен сауда-саттықты күшейту қажет екенін алға тартты.

Бұдан бөлек, бизнес-форум барысында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының орынбасары Арғын Оспанов пен Отандастар қоры Президентінің кеңесшісі Болат Дидар шараға қатысушылармен өзара іс-қимыл тетіктерін, шағын және орта бизнес саласындағы бизнес-бастамаларды ынталандыру, сондай-ақ стартаптарды қолдау және дамыту тетіктерін егжей-тегжейлі талқылады. Тоқыма өнеркәсібінің, ауыл шаруашылығының, қызмет көрсету саласының дамуына, технологиялық өндірістерді құруға негізделген Өзбекстан нарығының бейінін ескере отырып, осы салаларға баса назар аударылды. Форум қатысушыларына Қазақстан облыстарының инвестициялық әлеуеті таныстырылды.




Форум жұмысына 50-ден астам адам қатысты. Олар өздерін қызықтыратын стартаптар, бизнес-бастамалар, қолда бар жобалар туралы айтып, спикерлерге сұрақтар қойып, бизнес жоспарлар мен бастамаларды Қазақстанда, сондай-ақ халықаралық нарықта жылжыту мүмкіндіктерін талқылады.

«Отандастар қоры Өзбекстанда тұратын қандастардың ұсыныстарын тыңдауға ашық. Әрі біз шетелдегі барлық отандастармен байланыстамыз. Бұл ретте кез келген өзекті мәселелер бойынша кеңес беріліп, ақпараттық қолдау көрсететін отандастар мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы арнайы құрылған» деді форум соңында Зауытбек Тұрысбеков.

Еске сала кетейік, бұндай шетелдердегі бизнес-форум осымен төртінші рет өтіп отыр. Алдағы уақытта 8 елде қазақтармен (ГФР, АҚШ, Ұлыбритания, Швеция, Қытай Халық Республикасы, Өзбекстан, Түркия және Ресей) бизнес-форум өткізу жоспарланған. Ендігі бизнес-форум 2019 жылы 20 қыркүйекте Лондон қаласында (Ұлыбритания) өтеді.

Алдағы форумдар туралы барлық ақпарат Қордың Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі ресми беттерінде бар. Бұдан басқа, бизнес-форумдар туралы барлық ақпаратты отандастар сұрақтары бойынша төмендегі бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалып білуге болады: 1404; 8 800 080 1404; +7 (7172) 98 14 04. Сонымен қатар Whatsapp және Telegram мессенджерлерде 7 701 000 1404 нөмірі бойынша қоңыраулар қабылданады.


Жоғары қарай