Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

«Үміт» дағдарыс орталығы: Тұрмыстық зәбір көрген әйелдер көбейіп барады

2019 жылдың 13 тамыз 2019 17:20

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы «Үміт» дағдарыс орталығында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер көбейіп барады. Орталық мамандары осылай дабыл қағып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі уақытта елорданың тәртіп сақшылары «Тұрмыс» жедел алдын алу іс шараларын өткізіп жатыр. Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің Сарыарқа аудандық басқармасының жанындағы жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары Қалибек Бейсеновтың айтуынша, бұл шараның басты мақсаты – отбасылық, тұрмыстық қарым-қатынаста қылмыстың алдын алу, яғни болдырмау, қандай да бір отбасылық кикілжің болған жағдайда есепке алу.

«Қандай да бір жағдайда біз қорғау нұсқамасын толтырамыз. Қорғау нұсқамасы бір айға толтырылады. Яғни, кикілжің болған отбасында біз бір айлық алдын алу шарасын жүргіземіз. Профилактикалық іс-шара барысында ер адам тарапынан теріс әрекет қайталанатын болса, кінәлі адам Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 461-бабы бойынша жазаланады. Яғни, ол бап бойынша айыпкерге 5 АЕК айыппұл салынады немесе 3 тәулікке дейін қамауға алынады», - деді Қалибек Бейсенов елорда әкімдігінің «Үміт» дағдарыс орталығында өткен баспасөз мәслихатында.




Полиция өкілінің айтуына қарағанда, Нұр-Сұлтанда «Тұрмыс» жедел алдын алу іс шаралары басталғалы бері «Тұрмыстық қарым-қатынастары туралы баптың» бұзылуы бойынша 48 материал сотқа жолданған.

«Осы 48 фактінің бәрін де біз профилактикалық есепке алып отырмыз. Егер әйелі жолдасына арыз жазған кезде жоғарыда айтқанымдай, қорғау нұсқамасын толтырамыз. Егер зорлық көрген әйелдің баратын жері жоқ болса, жолдасы ұрып-соғып үйден кеткен әйелдерді біз осы «Үміт» дағдарыс орталығына әкеліп, зардап шегушіге психологиялық және заңгерлік көмек көрсетіледі», - деді Қалибек Бейсенов.

Ал «Үміт» дағдарыс орталығының әлеуметтік қызмет маманы Светлана Жолдасованың айтуына қарағанда, аталмыш орталықтың ашылғанына 6 жыл болған.




«Осы алты жылдың ішінде бізден мыңнан астам адам көмек алды. Ал жыл басынан бері 149 адамды қабылдадық. Қазіргі таңда біздің орталықта 50 адам жатыр. Орталық 50 кісіге арналғанымен, қысты күндері адамдардың саны 50-ден асып кетеді. Жалғыз елордадан емес, мысалы бүгін қостанайлық бір кісіні қабылдадық», - дейді ол.

Орталық маманының айтуына қарағанда, «Үмітке» көп жағдайда отбасылық зорлық-зомбылық көрген әйелдер түседі. Жалғыз күйеуі тарапынан емес, баласынан, ағасынан, туысқанынан, тіпті туған ата-анасынан зәбір көрген адамдар да келіп орналасатын көрінеді. Орталық тек әйелдерге арнала салынған. Егер балаларының саны 18-ге толмаған болса, ер балалар да қабылданады.

«Мұндай орталықтар Қазақстан бойынша барлық өңірлерде ашылып жатыр. Жақында ғана Степногорскіде біреуі жұмысын бастады. Алматыда да үш-төртеуі баршылық. Әлбетте, біздің мақсатымыз – қорлық көрген әйелдерді шығарып жіберу емес. Алты айдың ішінде бүкіл қызметтерді көрсетіп, аяққа тұрғызып, дайын болғаннан кейін ғана шығарамыз. Ал егер алты айда тағы бір отбасылық мәселесі шешілмесе, орналасу уақытын созып бере аламыз», - деді Светлана Жолдасбаева.

Орталықта әйелдерге стандарт бойынша қызмет тегін көрсетіледі. Төрт мезгіл тамақ беріледі. Стандарт бойынша қызметтің 8 түрі көрсетіледі екен.

«Ең бастысы тұрмыстық-әлеуметтік көмек бойынша келген кісіге жеке бөлме береміз. Сол бөлмеде ол алты ай тұрады. Жиһаздары бар. Керек-жарақтарын түгендейміз. Кейін өзіміздің заңгерлеріміз ажырасу, алимент құжаттарының барлығын реттеп, заңгерлік көмек береді. Әлеуметтік-педагогикалық қызметкерлеріміз сағат кешкі алтыға дейін балаларына қарайтын болады. Медициналық қызметкерлер де бар. Әйелдердің көбі күйеуінен зәбір көріп, денесі көгеріп келеді. Соларға дәрігерлер жәрдем көрсетеді», - деді ол.

Светлана Жолдасованың жауабына қарағанда, жылдан жылға келушілер артып келеді.

«Мысалы, ашылған жылы 9 ғана қызмет алушы болса, қазір жыл аяқталмай жатып, 150-ге жуық адамды қабылдап қойдық. Меніңше, бұл ретте кикілжің болған отбасылардағы еркектермен жұмысы істейтін орталық болса дейміз. Қазір біз тек әйелдермен жұмыс жүргіземіз. Өткен жылға талдау жүргізіп отырсақ, келушілердің 70 пайызы отбасына қайта қосылады. Әйелді біз аяғынан тұрғызғаннан кейін ол қайтадан отбасына қайтып барады. Ал күйеуімен ешкім жұмыс жүргізіп жатқан жоқ. Керек десеңіз, күйеуіне де психологтың көмегі керек. Әйелдер отбасына қайтып барғаннан кейін тұрмыстық тартыс қайта басталады. Кейбір кісілер екі-үш рет келеді. Сондай оқиғалар жетерлік», - деді ол.

Орталық маманы сонымен қатар, тұрмыстық кикілжің мәселесіне келгенде еркектерге заңнамалық жауапкершілікті қатайтқан дұрыс деген пікірде.

«Мысалы, өткен жылы Алматыда өткен халықаралық семинарға барып келдім. Сол кезде Германиядағы әріптестерімізбен әңгімелесіп отырсақ, ол жақта мұндай мәселелердің бәрін прокуратура қолға алған. Егер бір әйел полицияға хабарласып, күйеуінен зәбір көргенін айтып арызданса, құқық қорғаушылар үйінен ер адамды шығарып тастайды екен. Ол ер адам осылайша, 14 тәулік бойы өз үйіне кіре алмайды. Егер 14 тәулікте ештеңе өзгермесе, әйел барып, ерінің үйге келмеу уақытын 6 айға дейін созуға өтініш бере алады. Ал бізде көбінесе әйелдер үйінен қашып құтылуға мәжбүр», - деді Светлана Жолдасова.

Оның айтуынша, кейде елордадағы «Үміт» орталығында жатқан әйелдердің күйеулері келіп, орталық қызметкерлерінің мазасын алатын көрінеді. Сол үшін орталық қызметкерлері Полиция департаментінен арнайы бір инспекторды орталыққа кезекшілікке отырғызуды сұрап отыр.


Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Қоғам, Нұр-Сұлтан,
Жоғары қарай