Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 389.75
EUR 434.26
RUB 6.12
CNY 55.05

Белжайлаудың төрінде малшылар мерекесі өтті – Алматы облысы

2019 жылдың 1 тамыз 2019 16:41

ЖАРКЕНТ. ҚазАқпарат –Алматы облысының жазиралы Жаркент жеріндегі ең көрікті жайлау – «Белжайлаудың» төрінде Панфилов ауданындағы мал шаруашылығы еңбеккерлерінің мерекесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазір аудан бойынша 22 мың жылқы, 90 мың ірі қара, 402 мың қой-ешкі, 316 түйе, 257 шошқа, 94 мың құс өсірілуде. Бұл – әрине, ең алдымен малшы қауымының еселі еңбегінің нәтижесі. Сонымен қатар үкімет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар аясында несие жолымен мал сатып алып, игілігін көріп жатқан малшылар да аз емес. Аудандағы бірнеше жеке шаруалық қожалық биыл «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 105 миллион теңгеге - 191 ірі қара, 42 миллион теңгеге - 1565 ұсақ мал сатып алуға несие рәсімдеді. Мал шаруашылығының өнімділігін және оның сапасын арттыруды субсидиялау бойынша 41 шаруа қожалығы 37 миллион 767 мың теңге алды.

Жалпы, жылдың төрт мезгілінде де уақытпен есептеспей еңбек етіп, ел байлығын еселеп арттыруға сүбелі үлес қосып жүрген мал шаруашылығы еңбеккерлерінің қажырлы қарекеті қашан да құрметтеуге лайық. Осыны ескере отырып, аудан әкімдігі арнайы салтанатты мерекелік шара өткізуді жоспарлаған болатын. Және оны тікелей малшылар шоғырланған тау төрінде өткізу ұйғарылған. Осыған орай, жап-жасыл көгал үстіне аудандағы 14 ауылдық округ ақшаңқан киіз үйлер тікті. Дәл ортасына қызылды-жасылды етіп әсем безендірілген сахна орналастырылып, күн сайын төрт түліктің үнін жаңғыртатын таулы өңір аспанын әсем ән мен тәтті күй кернеді.

Жиналысты аудан әкімі Темірлан Бектасов ашты. «Мұндай шара өткізу бұрын да дәстүрде болған екен. Бірақ, әралуан себептермен он жылдан бері тоқтап қалған. Біз мал шаруашылығы еңбеккерлерінің тауқыметке толы еңбегін әрқашан жоғары бағалаймыз. Сондықтан олардың еңбегін ескеріп, әдейі жайлауда осындай мереке ұйымдастырып беруді жөн көрдік»,- дей келе, озат малшыларға Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың, облыстық ауыл шаруашылығы департаментінің және аудан әкімінің грамоталары мен Алғыс хаттарын, тағы да басқа сый-сияпаттарын тапсырды.

Мереке соңында аудан өнерпаздары үлкен концерт көрсетті. Қыз қуу, аударыспақ сынды ұлттық спорт ойындарынан жарыс өтті.


Жоғары қарай