Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 387.34
EUR 428.44
RUB 6.04
CNY 54.58

Бақытжан Сағынтаев Алматының даму бағыттарын атады

2019 жылдың 17 шілде 2019 16:18

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қалалық мәслихат депутаттарымен кездесуде қаланың жарты жылдық дамуының нәтижесін қорытындылап, келер жартыжылдықтағы жоспарды пысықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиын барысында қала басшысы оңтүстік астананың дамуында басымдық берілетін бағыттарды атады.

Құзырлы органдардың мәліметіне сүйенсек, барлық салада оң динамика сақталған.

Өнеркәсіп, ауыл шауаршылығы, құрылыс, сауда, көлік, байланыс салаларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 104%-ға жетті.

Инвестициялар көлемі 8%-ға, өнеркәсіптік өндіріс 5,2%-ға, құрылыс - 3,9%, баспана беру 2%ға артты.

Биылдың өзінде 1 трлн-ға жуық салық жиналды.

ШОБ субьектілерінің өнім өндірісі 9,8%-ға өсті.

Бірінші жарты жылдық қорытындысы бойынша ЖАӨ

3,5%-ға жетті.

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев қалада шешілмеген проблема жеткілікті екендігін айтты.

«Алматы қаласы мәслихаты тұрақты комиссияларының алғашқы бірлескен отырысын өткіздік. Қалалықтардың табыс деңгейі мен өмір сүру сапасын арттыру үшін жүзеге асырылуы тиіс кезек күттірмейтін міндеттер мен бағыттар бойынша өзімнің ой-пікірімді ортаға салдым. Басты міндеттер: лайықты жалақысы бар жұмыс орындарын ашу, бірінші кезекте қажет азық-түлік өнімдерінің бағасын негізсіз өсіруге жол бермеу. Ықпал ету тетіктерін жете анықтау үшін баға қою ісіне терең сараптама жүргізуді тапсырдым. Коммуналдық қызметтер тарифтері де қатаң бақылауда. Сонымен қатар, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті дамыту, экология мен денсаулық сақтау мәселелері басты назарда», - деп жазды қала әкімі facebook-тегі парақшасында.

«Алматыны «Шетсіз қала» тұжырымдамасы бойынша дамыту негізгі тұжырымдама болып қала береді. Шет аймақта тұратындар орталықтың тұрғындары сияқты сапалы қызметтерді алуы тиіс.

Қаланың шеті мен орталығының арасындағы айырмашылықты азайту басты бағыт. Шеттегі халық орталықтағы халықтың қолы жетіп отырған қызметтердің бәрін алуы тиіс», - деп ой өрбітеді әкім.

Сондай-ақ, шаһар басшысы орталық аудандарды жөндеуге 65 млрд теңге, ал шеткі аудандарға 15,5 млрд теңге жұмсалған. Оларда су, газ, көшені жарықтандыру жүйесі жоқтығын тілге тиек еткен.

«Біздің мақсат жақын арада қаланың шет аудандарындағы өмір сапасын арттыру. Жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік нысандар салу, ШОБ субьектілерін ынталандыру», - деп жазады Бақытжан Сағынтаев.

Қала әкімінің тапсыруымен аудан әкімдері 1 тамызға дейін нақты жоспар құратын болды.

Жыл соңына дейін қаланы толық су, газ, жылумен қамту, аулаларды абаттандыруды аяқтау, мектептегі орын тапшылығын шешу көзделген.

Жоғары қарай