Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 385.55
EUR 426.57
RUB 6.05
CNY 54.77

Азаматтардың несиесін жабу процедурасы қашан басталады

2019 жылдың 27 маусым 2019 13:12

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандықтардың несилер бойынша борышын мемлекет пен банктер есебінен жабу жұмыстары қашан басталады? Бұл жөнінде Үкіметтің баспасөз орталығында ҚР Премьер-Министрдің орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз бұл жұмысты қазірдің өзінде бастап кеттік. Банктердегі тізімді айқындау, әлеуметтік қамсыздандыру органдарының тізімімен салыстыру жұмыстары басталды. Барлық санаттағы азаматтардың тізімін банк мекемелерінің мәліметтерімен салыстырып жатырмыз. Себебі, нақты санаттағы азаматтардың қарызын өтейтінімізді білуіміз керек», - деді Әлихан Смайылов.

Министрдің айтуынша, шілде айында қарызды өтеуге байланысты қаражатты пысықтау жұмысы Парламентте қаралады.

«Біз қазіргі уақытта республикалық бюджеттен бөлінетін 88 млрд теңгеге қосымша 17 млрд теңге қосу үшін Проблемалық кредиттер қорының облигацияларын шығарғалы жатырмыз. Парламенттен өткеннен кейін айқындау, пысықтау жұмыстарын 10 шілдеде аяқтап, бірден несиені жабу бойынша жұмысты бастап кетеміз. Жалпы, жұмысты алдағы 2 айда бітіреміз», - деді Әлихан Смайылов.

Айта кетсек, кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының қарыз жүктемесін азайту туралы» Жарлыққа қол қойған болатын.

Еліміздегі әлеуметтік тұрмысы төмен топтағы азаматтар - көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айрылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар және жетім балалар түрлі себептермен қиын жағдайға тап болып, өз аттарына алған несиелік міндеттемелерін орындай алмай отыр.

Тікелей және атаулы қаржылай көмек ретінде жоғарыда аталған санаттағы азаматтар үшін мемлекет екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарынан алынған жалпы мөлшері 300 мың теңгеге дейін негізгі несиені және оған есептелген сыйақыны өтейді.

Жоғары қарай