Ауа райы
Астана -24 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 387.37
EUR 428.55
RUB 6.06
CNY 55.06

Қызылордада үш буынға жалғасқан полицейлер әулеті тұрады

2019 жылдың 22 маусым 2019 09:30

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында тұратын Әбусейіт Әбдіраманов кезінде милиционер қызметін абыроймен атқарды. Бұл жолды беріде баласы Ералы абыроймен жалғастырса, бүгінде немересі Ермұханбет полиция қызметінде жемісті еңбек етіп келеді. Жерлестері сол себепті оларды полицейлер әулеті деп атайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әбусейіт ағамыз 1938 жылы дүниеге келген. Бүгінде сексен жастың сеңгіріне шықты. Ол кісі ішкі істер саласында алғаш жиырма екі жасында қадам басты. Бұл 1960 жыл болатын. Еңбек жолында талай қиындықты бастан өткізді. Түйінін шешу қиынға айналған көптеген қылмыстың бетін ашты. Ағамыз бұл салаға үш жылдық әскери борышын өтегеннен кейін қызметке келді. Сол бір шақта аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет ететін сақшылардың өзі санаулы. Аудан бойынша барлығы 12 адам ғана қоғам қауіпсіздігін күзетеді. Соған қарамастан олар уақытпен санаспай, әрбір қылмыстың уақытылы ашылуына қолдан келгенше үлес қосты. Сақшы қызметіне келген жас маман одан кейін Алматы қаласында орын тепкен милиция мектебін сырттай тәмамдап шықты. Ол уақытта бәрі тапшы. Қазіргідей қызметтік көлік те жетісе бермейді. Бүгінде полиция қызметінің жұмысын жүйелі жүргізуге оң септігін тигізіп жүрген сан алуан құрал-жабдықтар ол кезеңде құр әшейін қиял ғана көрінетін.

Әбусейіт ағамыз 1970 жылы Павлодар қаласындағы милиция мектебінің алты айлық курсын да тәмамдап шықты. Онда самбо спортының қыр-сырына молынан қанықты. Сол үйренгені қылмыскерлерді құрықтауда өзіне көп септігін тигізді. Ол кезде учаскелік инспектор МАИ қызметкерінің де жұмысын атқара беретін. Сырдария өзенінің Жаңақорған кенті тұсынан өтетін көпірдің үстінде қызметін атқарып тұрған еді. Көпір үстінен өткен мотоциклдің бірінде қапшық ішінен қосауызды мылтықты көзі шалып қалды. Әлгі мотоциклдің артынан қуа жөнелді. Оны жүргізіп бара жатқан адам да бірден беріле қойған жоқ. Екеуі арпалыса кетті. Самбодан үйренген әдіс-тәсілінің арқасында әлгі адамды тырп еткізбестен ұстай алды. Осылайша өзінің ержүректігінің арқасында алда болатын қауіпті оқиғаның алдын алды.

Учаскелік инспектор сол кезеңде ауданда мал ұрлығы көп кездесетінін айтады. Сол қылмыстың ашылуына зор үлесін қосты. Негізгі тіршілік көзі - төрт түлік өсірумен тікелей байланысты жергілікті жұрт оған талай мәрте алғысын жаудырған еді. Ішкі істер органына 1960 жылы милиционер болып қабылданған ол бөлімнің қылмысты іздестіру, тергеу бөлімшесінде абыроймен қызмет атқарды. 1988 жылы аға учаскелік полиция инспекторы қызметінен құрметті зейнеткерлікке шықты. Ішкі істер органдарындағы 28 жыл қызмет атқару кезінде өз қызметінің нағыз маманы екендігін көрсете білді. Атқарған еңбегіне орай көптеген марапатқа ие болды.

Ішкі істер саласының қарт ардагері биыл 15 тамызда сексен бір жасқа толады. Ағамыз кезінде өзінің жолын қуған ұлына аталмыш салада үйренген тәжірибесін молынан сіңіре білді. Бүгінде сол тәлімді немересі Ермұханбет те үнемі есінде ұстап келеді.



null

Ағамыздың 1968 жылы дүниеге келген ұлы Ералы әке жолын лайықты жалғастыра білді. Бұл салааа 1989 жылы келген ол Жаңақорған аудандық ішкі істер саласында нәтижелі қызмет көрсетіті. 2012 жылы зейнеткерлікке шықты. Өзінің қызметіне зор жауапкершілікпен қарай білген ол жұмысында бірде-бір тәртіптік шараға тартылған жоқ.

Бүгінде полиция қызметіндегі жолды аталмыш әулеттегі үшінші буын өкілі Ермұханбет жалғастырып отыр. Ол да жастайынан полиция болуды армандап өсті. Қазіргі таңда жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция тобының учаскелік инспекторы қызметін абыроймен атқарып келеді.




null

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Қызылорда облысы,
Жоғары қарай