Ауа райы
Астана -20 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Елорданың тазарту құрылғылары алдағы екі жылда салынып бітеді

2019 жылдың 21 маусым 2019 00:14

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов елорданың тазарту құрылғыларының объектілерін аралап, қала көшелерін су басу проблемасын шешу барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Әкім тазарту құрылысы мен коллектор құрылғылары жаңартылатын Ұлы Дала даңғылында Ш. Бейсекова көшесінен бастап Тұран даңғылына дейінгі бөлікте салынып жатқан жол құрылысымен танысты. Салынып жатқан учаскенің ұзындығы - 3,191 шақырым, жол бөлігінің ені - 32,5 м. Ағын көлемінің ұлғаюын қоса есептегенде дәл қазіргі жағдайда тазарту құрылғылары мен сорғы станциясының жобалық қуаттылығы жеткіліксіз болып отыр. Толассыз жауған жауын-шашыннан кейін су көшенің көлік жүретін бөлігіне жайылып кететіндіктен «Астана Тазалық» ЖШС Ұлы Дала көшесі мен Тұран даңғылының қиылысына үнемі қосымша сорғы қойып отырады. Осыған байланысты аталған мәселені шешу үшін тазарту құрылғыларын жетілдіру мақсатында жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізу керек.

Алтай Көлгінов аралау барысында Б. Момышұлы саябағында орналасқан су тарту жүйесіне қайта жөндеу жұмыстары қажеттілігі бар 1-4 ауданының тазарту құрылғысының жұмысымен танысты. Бұл жерге жауын-шашын ағыны Абылайхан көшесі, Оңтүстік-Шығыс шағын ауданы, Тәуелсіздік, Тоқпанов және өзге де көшелерден жиналады. Диаметрі 1000 мм болатын бұл жеткізуші коллектор да келіп түсетін су көлеміне төтеп бере алмайды. Бұл учаскедегі жауын-шашындық кәріз жүйесі тіпті қалыпты жаңбырлы күннің өзінде де Б.Момышұлы көшесінің төменгі орындары мен жеткізуші коллектордың суынсыз да ағынды қабылдауды қамтамасыз ете алмайды. Бұл мәселені шешу үшін қосалқы коллектор салынатын болады. Сондай-ақ, құрылғылардың өнімділігін ұлғайтылып, тұндыру қоймаларының саны қосымша су сорғысымен бірге 5-тен 8-данаға дейін арттырылады.

Әкім сондай-ақ, Тәшенев көшесіндегі №20 үйдің жанында алдағы уақытта салынатын жауын-шашындық кәріз жүйесінің құрылысы мен I-5 ауданындағы коллекторларды жеткізуші тазарту құрылғыларын қайта қалпына келтіру құрылысы жұмыстары жүргізілетін орынға барды. Әзірге мұнда I-5 ауданындағы жауын-шашын ағынын сужинақтағышта тұндырып, әрі қарай Ақбұлақ өзенінің сағасына жіберу үшін ауданы 3 га (тереңдігі 6-7 м) болатын жинақтағыш тоған жұмыс істеп тұр. Алайда шыбын-шіркейдің таралу ошағына айналғандықтан жауын-шашын ағынын тазартудың бұл тәсілі замануи экологиялық талаптарға сай келмей отыр.

Мол нөсер жаңбыр кезінде су ағынын жеткізуші коллекторлар келіп түсетін көлемді ағынға төтеп бере алмағандықтан, «Жастар» шағын ауданы учаскесін су басып қалуы мүмкін. Сондықтан бұл жерде де су тарту жүйесіне қайта жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет.

Басты сөздер: Әкім, Нұр-Сұлтан,
Жоғары қарай