Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 388.81
EUR 429.01
RUB 6.08
CNY 55.49

Сенат былтырғы бюджеттің атқарылуын талқылады

2019 жылдың 6 маусым 2019 14:51

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2018 жылы экономиканың негізгі салаларында оң өсу қарқыны сақталды. Оған экономиканы диверсификациялау, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», агроөнеркәсіп саласын дамыту мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру және ішкі тұтыну белсенділігін біртіндеп қалпына келтіру себеп болды. Негізгі капиталға инвестициялар да экономиканың өсуіне ықпал жасады. 2018 жылы олардың көлемі 17 пайызға өсті. Салалар арасында инвестициялардың елеулі өсуі өнеркәсіпте - 27 пайыз, құрылыста - 21 пайыз, жылжымайтын мүлікпен операцияларда - 20 пайыз, сондай-ақ ауыл шаруашылығында 14% деңгейінде байқалды. Нәтижесінде, Жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны 4,1 пайызды құрады», - деді ҚР бірінші қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов.

Осындай макроэкономикалық жағдайда атқарылған республикалық бюджет келесі көрсеткіштермен сипатталады: кірістер 2,3 пайызға артығымен орындалды, бюджетке 5,8 трлн теңге түсті.

«Салықтар 2017 жылмен салыстырғанда 17,5 пайызға өсіп, 846 млрд теңге көлемінде бюджетке қосымша жиналды. Шығыстар 99,8 пайызға орындалып, 9,6 трлн теңгеге атқарылды. Республикалық бюджеттің әлеуметтік шығыстардың үлесі 44 пайыз болып қалыптасты (2017 ж. тиісінше 34%). Бюджет тапшылығы 729 млрд теңгені құрады. Ол жоспардан 17,5 пайызға төмен және жалпы ішкі өнімге шаққанда 1,2 пайыз», - деді Б. Шолпанқұлов.

Өз кезегінде Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова 2018 жылдың бюджеті белгіленген параметрлер шегінде орындалғанын атап өтті. Оған жеткілікті қолайлы макроэкономикалық жағдай да, Үкіметтің атқарған жұмысы да ықпал етті.

«Бұзушылықтар мен кемшіліктер жұмыс топтарында және бейінді комитеттердің кеңейтілген отырыстарында егжей-тегжейлі қаралды. Дегенмен, Есеп комитеті мемлекеттік ресурстарды пайдалануда тиімділікті арттыру үшін елеулі резервтердің бар екеніне назар аудартады. Біздің көзқарасымыз бойынша, осы резервтерді тарту стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге ықпал ететіні маңызды. Бұл резервтердің мақсаты не? Кіріс бөлігінде бұл - көлеңкелі айналымды қысқарту және салықтық әкімшілендірулерді ретке келтіру. Біздің ойымызша, фискалдық саясатты жалған кәсіпорындар мен заңсыз бизнеске қатысты талапты қатаңдатуға қарай ауыстыру қажет. Жылдың соңында бюджеттің атқарылуы мәселесін адал кәсіпкерлердің аванстық төлемдері есебінен шешпеу қажет. Керісінше, олар мемлекет тарапынан қолдауды сезінулері тиіс», - Н. Годунова.

Жоғары қарай