Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 389.34
EUR 428.78
RUB 6.05
CNY 55.45

Дәурен Абаев: Бейбіт елдің батырларын естен шығармау - ортақ парыз

2019 жылдың 5 маусым 2019 14:11

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев 2016 жылдың 5 маусымында Ақтөбедегі теракті кезінде қаза тапқан бейбіт елдің батырларын еске алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2016 жылдың 5 маусымы - еліміздің тарихында қайғылы күн ретінде есте қалады. Осыдан тура 3 жыл бұрын бейбіт елдің аспанында оқ атылды, жазықсыз жандар жапа шекті. Ақтөбедегі теракт тұрғындардың тыныштығын бұзды. Теріс діни ағымның жетегіне ерген лаңкестік топтың мүшелері қаладағы екі қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуыл жасады. Олардың қолынан 4 бейбіт тұрғын мен 3 әскери қызметкер қаза тапты: Андрей Максименко, Николай Онищенко, Мерхан Тәжібаев, Михаил Матросов, Досбол Сапар, Даниэль Майлыбаев, Берік Қалиев», - деп жазды Дәурен Абаев Facebook-тегі парақшасында.

Министр құқық қорғаушылар мен арнайы органның қызметкерлері бірқатар лаңкестің көзін жойғанын, қолға түскен 7 адам өмір бойы бас бостандықтарынан айырылғанын, екеуі 20 және 22 жылға сотталғанын еске салады.

«Жоғары технологиялар қарқынды дамыған бүгінгі кезеңде, кейде ең маңызды дүниелерді де естен шығарып алып жатамыз. Бейбіт күннің жазықсыз құрбандары мен бейбіт елдің батырларының есімін естен шығармау бәріміздің парызымыз деп ойлаймын. Күллі мұсылмандар қауымы үшін қасиетті саналатын осы айда, Ақтөбедегі теракт кезінде қаза болған азаматтардың туған-туыстары мен жақындарының қайғысына біз де ортақ екенімізді айтқым келеді. Алла сіздерге сабыр берсін, еңселеріңізді түсірмеңіздер, бекем болыңыздар. Сіздердің әкелеріңіз бен ағаларыңыздың, ұлдарыңыздың есімі ешқашан ұмытылмайды», - дейді Дәурен Әскербекұлы.

Еске салсақ, 2016 жылы 5 маусымында Ақтөбе қаласында лаңкестік орын алды. Бір топ лаңкес қаладағы «Паллада» мен «Пантера» қару-жарақ дүкендеріне және №6655 әскери бөліміне шабуыл жасаған. Соның салдарынан 8 адам, оның ішінде 3 әскери қызметші қаза тапты. 30 адам, оның ішінде 14 бейбіт тұрғын жарақаттанды.

Жоғары қарай