Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -8 °С
валюта бағамы
USD 385.01
EUR 425.78
RUB 6.05
CNY 54.68

Биыл Ақмола облысында 148 көпбалалы отбасы баспаналы болады

2019 жылдың 24 мамыр 2019 21:33

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биыл Ақмола облысында жалдамалы баспана бағдарламасы бойынша көпқабатты 11 тұрғын үй салынып, 148 көпбалалы отбасы баспаналы болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметі бойынша, биылғы жылы өңірде 498 отбасын баспанамен қамту жоспарланған, оның ішінде 148-і көпбалалы отбасылар.

«Көппәтерлі тұрғын үйлер биыл Көкшетау, Степногорск қалалары мен Атбасар, Шортанды, Жақсы, Бұланды және Жарқайың аудандарында пайдалануға беріледі», - деп атап өтті басқарманың құрылыс бөлімі басшысы Гүлмира Тасова.

Сонымен бірге, көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға жергілікті кәсіпкерлер де үй сатып әперуді жоспарлап отыр.

Осы бағытта облыс әкімдігі мен бизнес өкілдерінің арасында меморандумға қол қойылды.

Биылғы жылы Көкшетау қаласындағы «Көкшетау сүт зауыты» ЖШС, Жақсы ауданындағы «Агрофирма TNK» ЖШС, Аршалы ауданындағы «AIZET FARMS» ЖШС, Атбасар ауданындағы «Нұр 777» ЖШС сияқты бірқатар серіктестіктер мұқтаж 15 отбасына баспана сатып әперуді жоспарлап отыр.

Айта кету керек, өңірде «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламалары бойынша қолжетімді тұрғын үй құрылысы жүргізілуде.

Құрылыс басқармасының дерегі бойынша, 2019 жылы 5,2 мың пәтер пайдалануға беру жоспарланған болса, оның 889-ы пәтер кезегінде тұрғандар, тұрғын үй салымшылары, көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары.

Биылғы жылдың алғашқы 3 айында облыс бойынша 1308 отбасы баспана мәселесін жақсартты.

Жоғары қарай