Ауа райы
Астана -23 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 387.16
EUR 428.47
RUB 6.08
CNY 55.13

«Ауыл» партиясы өз үміткерін қолдау үшін форум ұйымдастырды

2019 жылдың 24 мамыр 2019 15:21

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласындағы Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясында ҚР Президенттігіне кандидат Төлеутай Рақымбековты қолдауға арналған форум өтті. Бұл жөнінде «Ауыл» партиясының Фейсбуктегі парақшасында жарияланды.

Кандидаттың сенімді өкілдері А.С.Сапаров, С.А.Кешуов, С.И.Тәңірбергенов Төлеутай Сатайұлының еңбек жолымен таныстырып, сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарына тоқталды.

Форум барысында жаңа замандағы ауыл өмірі, ауылдағы кәсіпкерліктің дамуы, ауыл шаруашылығы өндірісінің техникалық жаңғыруы, жас мамандардың еңбекпен қамтылуы сынды өзекті мәселелер төңірегінде сөз қозғалды.

Өз кезегінде студенттер қауымы жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім беруді дамыту туралы пікір алмасты.
Сенімді өкілдер президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбековты қолдап, 9 маусым күні өтетін сайлауға белсене қатысуға шақырды.

Еске сала кетейік, 11 мамыр күні сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталған болатын. ҚР Президенттігіне үміткер ретінде 4 кандидат тіркелді. Бүгінде кандидаттар өңір-өңірлерді аралап, үгіт-насихат шараларын белсенді жүргізуде.

Жоғары қарай