Ауа райы
Астана 24 °С
Алматы 34 °С
валюта бағамы
USD 383.98
EUR 430.63
RUB 6.11
CNY 55.83

«Даму» қоры неліктен бизнесті тікелей қаржыландыра алмайды

2019 жылдың 22 мамыр 2019 14:11 777

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Даму» қоры шағын және орта бизнесті неліктен тікелей қаржыландыра алмайды? ҚазАқпарат тілшісінің бұл сұрағына Үкіметтің баспасөз орталығында ҚР ҰЭМ мен «Атамекен» ҰКП өкілдері жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Даму» қоры - банк емес, арнайы қор. Бірақ, министрлік тікелей банктермен жұмыс істей алмайды. «Даму» қоры - осы бағдарламаның операторы. Сондықтан, кәсіпкерлер несие алған кезде үшжақты келісімге қол қойылады. Оның ішінде банк те бар. Банкке өтінім түскен кезде оны банк «Даму» қорына жолдайды. Қор ол өтінімді қолдай ма, қолдамай ма - өзі шешім шығарады. Осы бағдарламаның бағыттары бойынша субсидия немесе кепілдік беру ме - шешімін қор береді де, үшжақты келісімге қол қойылады», - деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында.

Бұл сұраққа қатысты өз кезегінде «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов та пікір білдірді.

«Бәйтерек» холдингінің болсын, «Даму» қорының болсын - екінші деңгейлі банктермен бәсекеге түсетін ойы жоқ. Холдинг те, қор да өз мүмкіндіктеріне қарай бәселесе алмайды. Керісінше, біздің міндет - кәсіпкерлерді де, екінші деңгейлі банктерді де қолдау. Шынында да, базалық ставка 9 пайыз болса, банктердің қоятын пайызы 14-16 пайыз аралығында болады. Оның үстіне біздің «Даму» қоры осы ставканың жартысын «БЖК-2020» бағдарламасы бойынша субсидиялайды», - дейді Айдар Әріпханов.

Ал «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, банктер ұсынған пайыздық ставканы кез келген кәсіпкердің қалтасы көтере бермейді.

«Белгілі бір кәсіпкер мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алып, кәсібін ашқаннан кейін 1-2 жылдан соң өрлеуі керек қой. Бірақ, осы кезде оның алдында қандай қиындық кездесуі мүмкін? Салық жағынан мәселесі жоқ па? Осындай мәселелерді шешу үшін өз жұмысымыздың деңгейін көтерсек дейміз. Ұлттық экономика министрлігімен жалпы түсіністік бар. Яғни, кәсіпкердің дамуына көмектесетін құралдарды іздеу керек. Кәсіпкерге көрсетілетін қызметтердің орны өзара ауыса ма, жоқ па деген сұрақ қойылып жатыр. Бұл ретте банк деген - нарықтық құрал. Нарықтық құралдарға беріліп жатқан пайыздық мөлшер - 16-25 пайыз. Оны әрбір кәсіпкердің қалтасы көтермейді. Мемлекеттік бағдарламаның керегі де сол. Мәселен, банк 16 пайызбен несие беретін болса, оның 10 пайызы - «Даму» қорының субсидиясы. 6 пайыз да үлкен көмек. Бұл құралдарды жетілдіру керек. Кейбір облыстарда жеткілікті деңгейде қаражат бөлінсе, кейбір облыстарға жетіңкіремей жатады. Сұраныс көп», - дейді Эльдар Жұмағазиев.

 

 

 

Жоғары қарай