Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 389.52
EUR 429.21
RUB 6.07
CNY 54.94

Қызылордада ет комбинатының іргетасы қаланды

2019 жылдың 17 мамыр 2019 17:26

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада ет комбинатының іргетасы қаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Комбинат Қызылорда қаласы маңындағы Талсуат елдімекенінде орналасқан.
«Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес қазір елімізде «Етті мал шаруашылығын дамыту» бағдарламасы қабылданып, іске асырылуда. 2016 жылы облыс буферлік аймақтан шығарылып, ет экспорттайтын аймақтардың қатарына енді. Дегенмен, облыста халықаралық стандартқа сай ет комбинатының болған жоқ. Сондықтан біз бүгінге дейін ірі қара, қой, түйе малдарын тірілей экспорттап келдік. Бүгін іргетасын қалағалы отырған ет комбинатының құрылысы арқылы біз облыстың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ет экспортын ұлғайтатын боламыз», - деді Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев.


null

Облыс орталығында салынып жатқан комбинат вакуумдық қаптамада жылына 5 мың тонна терең өңделген ет өндіреді. Сондай-ақ, мұнда 25 адамды еңбекпен қамтуға жол ашылды. Бұдан басқа, осы жобаны іске асыру ауыл шаруашылығы айналымына шамамен 9 млн гектар жайылымдық жерлерді айналымға қосуға және мыңдаған ауыл тұрғыны үшін тұрақты жұмыс орындарының ашылуына өз септігін тигізеді. Ет комбинатының негізгі инвесторы - «Сыр маржаны» серіктестігі.
Нысан жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Былтыр Сыр өңірінен экспортқа Өзбекстан, Иран, Біріккен Араб Әмірлігіне және Ресейге 10,4 мың бас қой, 100 бас сиыр, 366 бас тірі түйе жіберілді. Оны өнім түріне айналдырсақ, 300 тонна етті шамалайды. Соңғы жылдары облыстың ауыл шаруашылығы кешені бойынша экспортталатын өнімдер 3-тен 15-ке дейін артты. Ал 2018 жылдың қорытындысы бойынша экспорттың 97% - өңделген өнімнің үлесіне тиесілі.
Аймақта 2022 жылға дейін агрокарта әзірленді. Оның шеңберінде 2021 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің (ет, күріш, балық және бақша өнімдері) экспортын 5 есеге ұлғайту көзделген. Алдағы 3 жылда ауыл шаруашылығы кешенін дамыту бойынша 76 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл өз кезегінде 500 астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Жоғары қарай