Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 389.34
EUR 428.78
RUB 6.05
CNY 55.45

Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы дала: мәдени мұра және әлем тарихындағы рөлі» форумы қатысушыларына хат жолдады

2019 жылдың 15 мамыр 2019 16:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парижде өтіп жатқан Халықаралық Түркі Академиясының «Ұлы дала: мәдени мұра және әлем тарихындағы рөлі» форумының қатысушыларына хат жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Форумның салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хаты оқылды. Елбасының құттықтау хатын Қазақстанның Француз Республикасындағы елшісі, Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Жан Ғалиев оқып берді.



«Көптеген елдің ғалымдары, тарихшылары мен тіл мамандары қатысып отырған мұндай алқалы жиынның Еуропа төрінде, Париж қаласында өтуінің маңызы ерекше. Форум барша адамзат тарихымен ұштасатын тарихи-мәдени мұраларымыздың ғылыми айналымдағы өрісін кеңейтеді деп үміттенемін. Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қырының» басымдықтары ұланғайыр даламыздан тамыр тартқан халықтардың әлемдік өркениетке қосқан үлесі мен тәжірибесінен тағылым алу, болашақ жас ұрпақты мәдениетаралық үйлесім рухында тәрбиелеу ісіне тың серпін беруде. Менің бастамаммен құрылған Халықаралық Түркі академиясы аталған бағытты ғылыми интеграция тұрғысынан дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Соның бір айғағындай осы жиын бай тарихымыз бен адамзат ақыл ойы қазыналарының терең тамырларын өзгеше қырынан пайымдап, жаңа мәдениетаралық қатынастар көкжиегіне жол ашады деп сенемін», - делінген Елбасының хатында.

Халықаралық жиынға АҚШ, Ресей, Үндістан, Қытай, Ұлыбритания, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Франция, Латвия, Голландия және Мажарстан сынды елдерден 70-ке жуық ғалым және UNESCO өкілдері қатысуда.

Форумның ашылуында сөз сөйлеген Халықаралық Түркі академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлі ҚР Тұңғыш президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының маңыздылығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ академия жетекшісі өз сөзінде Ұлы даланың әлемдік өркениетке зор үлес қосқанын да ұмыт қалдырған жоқ.

Сонымен қатар, Дархан Қыдырәлі Ұлы дала мұраларын сақтап қалу мақсатында Қзақастанда қандай шаралардың іске асырылып жатқанын, Халықаралық Түркі академиясының жұмысын да айтып өтті. Түркі академиясының жетекшісі Ұлы даланың мұраларын сақтау ғылыми еңбектердің маңыздылығын тілге тиек етті.



Өз кезегінде Түркі мұралары мен мәдениеті қорының президенті Гюнай Эфендиева Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы түркі дүниесі үшін маңызды екенін айтты.

БҰҰ бас директорының білім, ғылым және мәдениет саласы бойынша өкілі (United Nations Educational, Scientific and Cultural Organization, «UNESCO») Фирмин Эдуард Матоко өз сөзінде осынау ауқымды жиынды өткізіп отырған Халықаралық Түркі академиясына алғысын білдірді.



Сонымен қатар, жиын барысында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Түркия елдерінің де елшілері сөз сөйледі.

Форумға жиналған қазақстандық және шет елдік ғалымдардың айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Еуразия кеңістігіндегі тарихи үрдістерді жүйелеу мен оған жаңаша көзқарас тұрғысынан қарауда өте құнды. UNESCO-ның өкілдері мақаладағы жылқының қолға үйретілуі, Ұлы даладағы ежелгі металлургия және аң стилі сияқты құнды дүниелер әлемдік мәдениет пен өркениетте ерекше орны бар екенін мәлім етті.

Форумның бір сессиясы «Түркі өркениеті және оның әлемдік мәдениетке қосқан үлесі» деген тақырыпқа арналып отыр. Осы жиында үндістандық ғалым, Индира Ганди атындағы Ұлттық мәдениет орталығының профессоры Мансура Хайдар «Түркілердің Үндістандағы білім мен ғылым саласына қосқан үлесі» деген тақырыпта баяндама жасады.



«Үндістан жерінде түркілер Дели сұлтандығы мен Ұлы Моғолдар дәуірінде билік құрды. Олар Үнді елінде білім мен ғылым саласына жаңа әдіс-тәсілдер енгізді. Мәселен, балаларға білім беру үшін түркілер медреселер жүйесін құрды. Ал ғылым саласында түркілер математика, музыка, астрономия және механиканы дамытуға көп көңіл бөлген. Ола дін, ғылым және технология бойынша жазылған еңбектерді сырт елдерден әкеліп, қолданысқа енгізумен де айналысқан», - дейді үндістандық ғалым.

Биылғы жиын түркі тілдес елдердің тарихында айрықша орны бар Алтын орда мен Моғолстанның құрылуына ықпал еткен Талас құрылтайының 750 жылдығы, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасының жазылуының 950 жылдығы, ақын Имамеддин Насимидің 650 жылдығы секілді айтулы тарихи даталармен тұспа-тұс келіп отыр.

Еске сала кетсек, Парижде Халықаралық Түркі Академиясының «Ұлы дала: мәдени мұра және әлем тарихындағы рөлі» атты форумы өтіп жатыр.

Жоғары қарай